Шымкент гарнизонында Отан қорғаушылар күні аталып өтті

52
Отырар.кз

Үшінші мегаполисте Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік кеш өтті. Ел тыныштығын кірпік қақпай күзетіп жүрген жандарға арналған шара Шымкент гарнизоны 35748 әскери бөлімінде ұйымдастырылды. Онда патриоттық әндер шырқалып, сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Шымкент горнизонында Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Онда ел тыныштығын қорғауға атсалысқан азаматтар марапатталып, сый-құрметке бөленді.

 

Бүгінгі мерекелік жиында отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев қала басшысының қолынан алғыс хат алды. Жасы 70-ті еңсерген атай әскери салада 54 жыл қызмет еткен. Жастарды патриоттыққа шақырып жүрген ардагер азамат барша әріптестерін мерекемен құттықтады.

«Бәріңізді шын жүректен ардагерлер атынан келіп жеткен Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін. Қазіргі қарулы күштерге көңіл толарлықтай. Өйткені 39 ел қатысатын «Айбын» жиынында Қазақстан 5 жыл қатарынан артиллерия, мергендер, минометшілер жарысында 1 орынды иеленіп келе жатыр», — дейді отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев. 

Ал сержант Шыңғыс Қалдыбеков пен Гүлжан Орынбаеваны әскери сала таныстырыпты. Олар таулы-егерлік полкте шаңырақ көтеріп, қазір отбасымен бірге Отанға қызмет етіп жүр. Погондылар әулеті бүгін бала-шағасымен бірге арнайы кешті тамашалауға келген.

«Бауыржан Момышұлы ауылында танысып, 2014 жылы отбасын құрдық. Содан бері 10 жыл болыпты. Қазір Аллаға шүкір 2 қыз, 2 ұлымыз бар. Сіздерді 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен отбасымызбен құттықтаймыз», — дейді инженерлік-саперлерік ротасының бөлімше командирі Шыңғыс Қалдыбеков.

Ашық есік күніне арнайы келген шаһар басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтады.

«Құрметті, Отан қорғаушылар, сіздерді айбынды мерекеміз Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір тәуелсіз мемлекеттің ең басты мақсаты – ел тыныштығын, мемлекет тұтастығын сақтау. Сондықтан да бұл күн Отанды қадірлейтін, тарихымызды құрметтейтін, еліміздің қуатын айғақтайтын күн. Еліміздің тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлергі алғысымыз шексіз», — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Іс-шара аясында қала әкімі өңірдің әскери техникалық мүмкіндіктерімен танысып шықты. Ал мерекелік кеш концерттік қойылымға ұласты. Онда патриоттық әндер шырқалып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.