Шымкентте 24 жастағы келіншек үшем дүниеге әкелді

289

Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны Айгүл Бақытжанқызы үшем дүниеге әкелді. Сәбилердің үшеуі де ұлдар. Оларға Мырзахмет, Нұрмаханбет, Дінмұхаммед есімдері берілді. 

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қала тұрғыны мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 31-аптасында қалалық перзентханада босанған. Сәбилердің бірінің салмағы 1580 грамм болса, екіншісі − 1640 гр, үшіншісінің салмағы — 1610 грамм.

Дәрігерлер сәбилерді алдымен жансақтау бөлімінде тұрақты бақылауда ұстап, тиісті ем-шараларды жасаған. Содан кейін палатаға шығарған. Едәуір салмақ жинап, жағдайлары жақсарған үшем мен олардың анасын бүгін Шымкенттегі перзентхана қызметкерлері салтанатты рәсіммен үйлеріне шығарып салды.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 10913 сәби дүниеге келген. Оның 5579-ы ұл болса, 5334-і қыз. Егіздердің саны 107-ге жетіп, төрт үшем өмірге келген.

(Фото: instagram.com/gorzdravshymkent)