Шымкентте басқармаға қарасты емхананың бас бухгалтеріне үкім шықты

5

(Фото: istockphoto.com)

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты емханасының бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған 29 миллионнан астам теңгені жымқырды деген айып тағылды. 

Жоғары соттың мәліметінше, бас бухгалтер қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иеленген. Яғни, ол 1 жыл бойы қызметкерлердің шотына жалақысынан асып түсетін қаражатты аударып отырған. Кейін олардан артық жинақталған қаражатты досының банк картасына қайтаруды сұраған.

Сотта сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.

Сот үкімімен бас бухгалтер Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.