Шымкентте мектептің шатыры өртенді

13

Шымкентте мектептің шатыры өртенді. №104 білім ордасында алдын ала болжам бойынша электр сымдарының қысқа тұйықталуы орын алып, өрт шыққан. Бірнеше минут ішінде ғимараттағы оқушылар мен барлық қызметкерлер эвакуацияланды. Оқиға кезінде мектепте жалпы 700 бала болған. Бүгін оқушылар онлайн режимде білім алуға көшті.

15 мамыр күні Шымкенттегі мектептердің бірінен өрт шықты. №104 мектеп ғимаратының бастауыш сынып оқитын корпусының шатыры жанған. 350 оқушы мен қызметкерлер бірнеше минут ішінде эвакуацияланды дейді мектеп директоры.

«Барлық оқушылар, қызметкерлер өз бетінше шығып, стадионға орналастырылды. Ешқандай жарақат алған немесе зардап шеккен жандар болмады. Сонымен қатар, шұғыл түрде ата-аналарға мәлімет жеткізілді. Оқушылар үйіне қайтарылды. Ата-аналармен кері байланыс орнатылды»,- деді  №104 жалпы орта мектебінің директоры м.а Бауыржан Рауаилов.

Өртті алғаш аула кезекшілері байқаған. Дереу дабыл қағып, төтеншеліктерге хабарласыпты. Мамандар өрттің шығуына алдын ала болжам бойынша электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін дейді. Абырой болғанда оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД ресми өкілі: «А корпусы 280 ш.м. алаңда шатырдың жануы орын алды. Барлық адамдар ТЖД келгенге дейін өз бетінше қауіпсіз жерге шықты (жалпы саны 700, жанып жатқан ғимараттан 350 оқушы, 23 мұғалім шықты). Өрт 10:46-да оқшауланып, 11:15-те толығымен сөндірілді. Өртті жоюға жалпы саны 52 жеке құрам, 8 бірлік түрлі мақсаттағы техника жұмылдырылды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ».

Мектеп директорының айтуынша, білім ордасында өрт қауіпсіздігі қалыпты жағдайда, ғимарат толық тексеруден өткен. Орын алған оқиғадан кейін бірінші ауысым оқушылары үйіне қайтарылды. Екінші ауысым сабақты онлайн өтті. Ғимараттың шатырынан басқа бөлігіне ешқандай зақым келмегендіктен, мектеп директоры ертең сабақ қалыпты режимде жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.