«Шымкентте белгіленбеген орында есектерді сойған». Осылай әлеуметтік желіде тараған видеода малдың өлексесі де көрсетілген. Видео авторының сөзінше, есектерді жуындымен қоректендірген. Жағдайды анықтаған жергілікті ветеринариялық инспекция өкілдері қожалықта 104 есек барын анықтады.
Әлеуметтік желіде Шымкентте есектерді белгіленбеген орында сойып жатыр деп түсірліген видео тарады. Көпшілікті жануарды пышаққа ілгендер, оның етін қайда жіберді деген сұрақ қызықтырған. Желі қолданушылардың бірқатары «арам малдың еті, жасырын саудаланып жатқан жоқ па?» деп те күдіктенген. Сондай-ақ адамдар есектердің жуындымен тамақтанғанын айтқан. Сондай-ақ, видеода малдың өлексесі де көрінеді.
Жауапты мамандар оқиғаның 12 мамыр күні Құрсай шағынауданында болғанын айтады. Бүгін тиісті қызметкерлер шаруашылық орнына барып, анықтау-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Ветеринариялық инспекция мамандарының сөзінше, сойылған есектің еті сатылмаған. Және қызметкерлердің қатаң бақылауында тұр. Олар сойылған есек саны төртеу екенін айтады.
Сырым Қарабек, Шымкент қаласы ветеринариялық инспекциясының бөлім басшысы: «Қазіргі уақытта инспекция тарапынан аталған орынға тиісті ветеринариялық санитарлық бақылау қадағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, аталған факттерге қатысты мал сою жағдайлары орын алған. Яғни, ол жер мал сою орны болып белгіленбеген. Малдың тиісінше ветеринариялық санитарлық қорытынды алып, белгіленген орында сояды«.
Мамандар шаруа қожалығы жалға берілгенін айтады. Онда шаруа иесі 104 бас есек баққан. Әзірге оның малды қандай мақсатта асырағаны белгісіз. Ветеринариялық инспекция қызметкерлері белгіленбеген орында мал союға болмайтынын, егер орын алған жағдайда айыппұл қарастырылғанын ескертеді.