Шымкенттік еріктілер енді бірыңғай форма киеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Алайда бұл шешіммен келіспеген волонтерлық ұйымдар да кездесті. Еріктілерге бірдей киім үлгісі не үшін қажет?
Енді шымкенттік еріктілер бірдей форма киетін болды. Бүгін қала әкімінің орынбасыры Сәрсен Құранбек волонтерлармен кездесу өткізіп, осы туралы хабарлады. Жиында бірыңғай форманың үлгісі де ұсынылды. Алайда бұл шешіммен келіспейтін волентерлық ұйымдар да кездесті.
Гүлнарай Сәлменова, «Добряки Шымкента» волонтерлік ұйымының мүшесі: «Бәріміз осылай киінуіміз керек пе? Оған басқалар көне ме? Бәріміз бірдей болып жүреміз бе? Өзіміздің қазіргі формамызға Шымкенттің логотибін қоссақ, болмаса сіз ұсынған формаға біздің логотипті қоссақ, бола ма?»
Бірыңғай форма кию туралы ұсыныс өткен кездесулерде де талқыланып жүрген еді. Ал бүгін көпшіліктің келісімімен бұл мәселе шешілді. Ал шешіммен келіспейтін тараптың сұрағына Сәрсен Құранбек былай жауап берді.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бұл ұсыныстың барлығы әкімдіктің тарапынан болып жатқан дүние емес. Сіз алдыңғы жиналысқа келе алмай қалдыңыз. Бұл ұсынысты еріктілердің өздері ұсынды. Осы жерде отырған кісілер менің сөзімді растайтын шығар. Бізде әртүрлі ұйым бар. Бірақ бәріміз бір қаланың тұрғыны болғаннан кейін, бір қалада өмір сүргеннен кейін, бір қаланың намысын қорғап, жыртысын жыртып жүргендіктен бәрімізде бірдей форма болса деген ұсыныс берілген еді. Бүгінгі таңда менің келіп, осының барлығын ортаға салып тұрғаным, бұл өзімнің тарапымнан болған ұсыныс емес, осы кісілердің ұсынысына жауап қайтарғаным»
Бекітілген үлгі бойынша енді мегаполис волентерлері қызыл және жасыл түсті киім киеді. Ол жерде Шымкенттің логотипі бейнеленбек. Ал бүгінгі шешімді қолдағандар бірыңғай форма кию еріктілерді өзге өңірлерде бірден тануға мүмкіндік береді дейді.
Данара Саранова, ASA жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Бұл не үшін керек? Біз басқа қалаларда, басқа өңірлерде, тіпті басқа елдерде жүреміз. Сол кезде шымкенттік еріктілерді бірден танып жүрсін деген ниетпен айткан едік. Пандемия кезінде 2 түсті киім кидік қой. Сол кезде де барлығы киіп жүрді. Ешкім қарсы болған жоқ. Ал бұл киімнің үстіне значок қойсаңыз өзіңіз білесіздер ғой. Ешкім мәжбүрлеп тұрған жоқ»
Ескерте кететін жайт, бірыңғай киім үлгісін жасатуға бюджеттен қаржы қаралмаған. Оны әр волонтерлық ұйым өзі тіктіруі керек. Айта кетейік, жиын соңында, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға әлі де көмек жіберу керектігі туралы да сөз болды. Қала еріктілері игі істі жалғастыруға әрқашан дайын екенін жеткізді.