Úı ANONS Еріктілер қатары жыл санап артып келеді

Еріктілер қатары жыл санап артып келеді

фото Отырар.кз

Шымкентте волонтерлік қызметті дамыту және осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жетілдіру мәселесі талқыланды. Мамандардың мәліметінше, елімізде еріктілер саны 300 мыңға жеткен. Қазіргі уақытта саланы одан әрі дамытуға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Қоғам игілігі үшін еңбек ететін еріктілер қатары жыл санап артып келеді. 2020 жылы елде небәрі 50 мың волонтер болса, бүгінде олардың саны 300 мыңға жетіп отыр. Мамандар мұндай өсімді жаңа жобалардың іске қосылуы мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі дейді.

АЙБЕК ДОСЫМБЕТОВ, ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР ФРОНТ-ОФИСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «2016 жылы заң қабылданды волонтерлық қызмет деген. Сол 2016 жылдан бастап мемлекеттен қолдау тапты бұл сала. 2020 жылы бізде республикада волонтерлар жылы деп жариялағаннан бастап жақсы бір қарқын алды. 2020 жылы 224 ұйым болса, қазіргі уақытта 810 волонтерлық ұйым бар. Олардың барлығы осы волонтердық бағыттармен жұмыс жасайтын волонтерлық ұйымдар»

Еріктілердің еңбегі елде табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде ерекше байқалады. Азаматтардың өз еркімен бірігіп әрекет етуі орын алған шығын көлемін азайтуға ықпал етеді екен.

«Әлемде бірнеше дәлелдер бар. Соның бір дәлелі: елде болған табиғи апат немесе қайғылы жағдайларға қатысты, жалпы елдегі жағдайға қатысты волонтерлық жұмыстың бірігіп атқаруы сол сәттегі шығыннынң 30 пайызын азайтуға дейін мүмкіндік береді екен»

Еріктілер жұмысы тек төтенше жағдайларда көмек көрсетумен шектелмейді. Шымкентте волонтерлік қозғалыс нақты жоспарға сай қарқынды дамып келеді. Әсіресе, Ұлттық волонтерлік желі аясындағы «Birgemiz» жобасы шеңберінде маңызды бастамалар қолға алынған.

ЖАНСЕРІК ЖҰМАН,  ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫ: «Атап өтетін болсақ «Birgemiz: Тaza Alem» жобасы аясында «Біз таза қала үшін», «Таза қала тұрғындары», #Birge #TazaSHYMKENT, «ТазаLIKE», «Таза Қазақстан» акциялары ұйымдастырылды. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» жобасы аясында 48 іс-шара өткізіліп, 7 000-ға жуық жас қамтылды. Бұл жұмыстар 2026 жылы да жалғасын табуда»

Айта кету керек, қазіргі таңда Шымкент қаласында 7 мыңға жуық ерікті тіркелген. Олар бір реттік және тұрақты негізде түрлі жобаларға қатысып келеді.

Лаура Бабас