Түркістанда жаңа сүт-тауарлы ферманың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

45

Түркістан облысында ауыл шаруашылық өнеркәсіп салаларын несиелендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңірге іс-сапармен келген вице-премьер Серік Жұманғарин Сауран ауданындағы өнеркәсіптік парк аймағын аралап қайтты. Ол «БНК Агро» сүт-тауарлы фермасының құрылыс барысымен танысты.

Түркістан облысында құрылысы жүріп жатқан бұл ферма күніне 10 тонна сүт өткіземіз деп жоспарлап отыр. Бұл тек биылғы меже. Ал келер жылдан бастап бұл көрсеткіш күніне 20 тоннаға жетпек. «БНК Агро» сүт-тауарлы фермасының жалпы қуаттылығы 1200 бас. Қазіргі таңда мұнда 136 бас қара мал Дания елінен әкелінген. Ал жыл соңына дейін фермадағы сиыр санын 408-ге жеткізу көзделіп отыр.

Ниязалы Бейсенбаев, «BNK Group» БНК компаниясының құрылтайшысы: «Жалпы құрылысқа 3,3 млрд. теңге кетіп жатыр. Оның ішінде 1,5 млрд. теңге СПК тарапынан қаржыландырып жатса, 1,8 млрд. теңге өз қаражатымыз. 1,8 млрд. теңгеге құрылыс монтаждау жұмыстары кіреді. СПК тарапынан берілген қаржы 2,5 пайызбен несиеге беріліп отыр. Оған біз сиыр мен жабдықтар алып келдік»

Түркістан облысында ауыл шаруашылық өнеркәсіп салаларын несиелендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жауаптылар былтыр бұл саладағы жобаларға 6 млрд. теңге бөлінген дейді. «БНК Агро» сүт-тауарлы фермасы сол қаражат есебінен қаржыландырылып отыр.

Асланбек Исахов, Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялық жобалар бойынша басқарушы директоры: «Бірінші кезеңде несиемен сүт тауарлы ферманы қаржыландырған болсақ, екіншіден су үнемдеу технологиясын пайдаланып, тамшылатып суару, жаңбырлатып суару жүйелерін қаржыландырамыз. Несие 2,5 пайызбен 10 жылға беріліп отыр. Бұл салыстырмалы түрде әлдеқайда төмен болып келеді. Жеңілдетілген кезеңі де қарастырылған. Мұндай ірі жобаларға бұл өте ыңғайлы несие»

Нысанның құрылыс барысымен өңірге іс-сапармен келген вице-премьер Серік Жұманғарин танысты. Айта кетсек, «БНК Агро» сүт тауарлы фермасы маусым айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Нысан толық жұмысқа кіріскен жағдайда 35 адам жұмыспен қамтылмақ.