Түркістанға Түркияның Ұлы Ұлттық мәжілісінің төрағасы келді

1

Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы келген қонақтар, ең алдымен, «Атамекен» ұлт-аспаптар ансамблінің өнерін тамашалап, «Түркі дүниесі тарихи панорамалық» мұражайын аралады және университеттің лебіздер кітабына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 

Келген қонақтарға университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек оқу орнының тыныс-тіршілігі мен жетістігін таныстырды. 

Мұхиттин Шимшек, университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы: «1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Дәл осы Ұлы Ұлттық Мәжіліс парламентінде Түркия Республикасы бауырлас мемлекеттің тәуелсіздігін алғаш болып мойындады. Бұл өте керемет көрініс еді! Осы оқиғадан кейін, біршама ай өткен соң, қос елдің бауырластығы мен ынтымақтастығы нәтижесінде халықаралық университетіміз құрылды. Қазіргі таңда 90 мыңнан астам түлегіміз дүниенің әр бөлігіне тарап, түркі әлемінде өте маңызды лауазымдарда қызмет етіп жүр»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері қос ел арасында берік қатынас орнап, ортақ құндылықтар тереңдеп, рухани-мәдени байланыстың беки түскенін атап өтті. Және Түркістан облысы мен Түркияның жүзеге асқан ортақ жобалары туралы кеңінен баяндады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіңізді арнайы қабылдап, екі елдің стратегиялық серіктестігін арттыру бағытындағы жоспарлар пысықталды. Әсіресе, Түркістан шаһарын көне келбетін сақтай отырып, жаңа бағытта дамытуда Түркияның қосқан үлесі зор. Түркістан қаласы тек Қазақстан үшін емес, күллі Түркі әлемі үшін тарихи және географиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие»

Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор, доктор Нуман Куртулмуш екі ел арасындағы бауырластық жайлы баяндап, келушілерге ыстық лебізін білдірді.

Нуман Куртулмуш, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы: «Бүгінгі таңда түркі дүниесі қайта жаңғырып, даму үстінде. Осы тұста, Қазақстан мен Түркия бауырлас ел ретінде, ынтымағымыз арта түссін деп тілейміз. Бұл – үлкен күш. Себебі, 300 миллионға жуық түркітілдес жұртшылық өзара достық қарым-қатынастың озық үлгісін көрсетіп, әлемде бейбітшілік орнатуға, әрі мемлекеттеріміздің білім-ғылымы мен экономикасының одан әрі қарыштап дамуына үлес қосады деп сенім білдіреміз!»

Алқалы жиын соңында, Нуман Куртулмушқа университет ректоры Жанар Темірбекова мен Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек сый-сияпат табыстап, иығына шапан жапты. Одан әрі дәстүр бойынша құрметті қонақтар оқу орнының жасыл алаңына ағаш отырғызды.