«Құрбан айттың бірінші күні ет таратылмайды»

349
фото Отырар.кз

Демалыс күні Қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ел арасында түсіндіру жұмысын бастады. Департамент мамандары тағамнан жаппай улану жағдайының алдын алу бойынша семинар өткізді.

16 маусым күллі мұсылман үшін орны бөлек Құрбан айт мерекесі басталады. Осыған орай қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тазалық шарасын сақтауға қатысты семинар өткізді. Ондағы мақсат – тағамнан жаппай уланудың алдын алу.

«Біз бірінші күні ет таратпаймыз. Осы кісілермен бірге ақылдасып, мұздатқышта әбден қатырып аламыз. Көзіміз қатқанына жеткен соң барып таратамыз. Практикамызда болған. Иістеніп кету қаупі жоғары. Сондықтан мұздатқыштар дайын тұр. Екінші күні дайын болғанда тізім бойынша таратамыз. Өздері қарап көреді», — дейді Шымкент қаласы «Халал Даму» бөлімінің жетекшісі Қазыбек Сарыбаев.

Іс-шараға тамақтану орындарының өкілдері де келді. Оларға санитарлық талаптардың сақталу шарты түсіндірілді. Мамандар тазалық сақталмаса халық арасында жұқпалы, паразитарлы, аса қауіпті дерттің тарау қаупі бар дейді.

«Мал ветеринарлық есепте тұру керек. Тұрғындар жұқпалы ауру тарап кетпес үшін сақтақ шарасын сақтауы керек. Тамақ тұтыну, құрбан айт кезінде өткізілетін құран тамақтарда адамдардын тамақтан улануының алдын алу болып отыр біздің негізгі шарамыз», — дейді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Алдарқұл Ахметов.

Құрбандыққа шалатын малды тексерістен өткізіп, арнайы орындарда союға рұқсат етілген. Ал үй жағдайында құран оқыту кезінде тез бұзылатын тағамдарға сақ болу керек. Сонымен қатар, жауапты мекеме қоғамдық орындарда да тазалық тәртібін ұстануға шақырды.