Спирт зауытының басшысы екі түрлі қылмысқа кінәлі деп танылды

34
фото Отырар.кз

Шымкентте жалған алкоголь өнімдерін өндіріп, сатумен айналысқан күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сезікті қала тұрғындарының құйтырқы әрекеті мамыр айында анықталған. Тінту кезінде 6700-ге жуық жалған маркалар жабыстырылған арақ өнімдері, 200 литр спирт және арақ өндіруге арналған жабдықтар тәркіленді. Қызығы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жалған алкоголь өнімдерін өндіруге арналған спирт Шымкент қаласының спирт зауытынан алынғаны анықталды.

Бауыржан Қараманов, Шымкент қаласы прокуратурасының бірінші басқарма бастығының орынбасары: «Осыған байланысты қылмыстық іс аясында тергеу органы Шымкент қаласындағы спирт зауытының қызметіне тексеру жүргізді, тексеру барысында Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы ҚР Заңының талаптарын бұзу арқылы есепке алынбаған алкогольді өндіру бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру фактісі анықталды. Мереке және демалыс күндері есепке алынбаған алкогольді заңсыз тиеп-жөнелту фактілері анықталды».

Оқиғаға байланысты спирт зауытының басшысы тексеруден жалтарып және қылмыстық қудалау органдары тарапынан қамқорлық жасау үшін 20 000 АҚШ доллары және 1 000 000 теңге көлемінде пара беру кезінде әшкереленді. Оған ҚР ҚК 214-бабы 1 бөлігімен, 367-бабы 2-бөлігімен айып тағылды.