Жастар арасында өз өзіне қол жұмсау фактілері көбейген

28
фото Отырар.кз

Шымкентте 12 мыңнан аса тұрғын түрлі жүйке ауруымен есепте тұрады. Сонымен қатар жастар арасында есірткіге тәуелділік пен өз-өзіне қол жұмсау фактілер жиілеген. Аталған өзекті мәселелерді талқылап, шешімін іздеу мақсатында Шымкентте «Психиатрия мен тәуелділіктің заманауи аспектілері» тақырыбында семинар өтті.

Шымкентте 12 мыңнан аса тұрғын жүйкесі сыр беруіне байланысты есепте тұрады. Мамандардың айтуынша оның 25 пайызы балалар. Алайда өзінің ішкі жағдайын жасыратындардың саны әлдеқайда көп дейді психиатр маман. Сөзінше олар ем алудан қорқып жүріп, айналасына зиянын тигізуі мүмкін.

«Адамның ментальды саулығы өте маңызды. Егер жан дүниесі шаршаңқы болса, денсаулығы да нашарлайды. Бұған дейін дәрігерлер бұл мәселеге мән бермей келген. Енді адам психикасына баса назар аударылып жатыр. Біздің елдегі қателік, психикалық жағдайы тұрақты емес адамға дұрыс көңіл бөлмеу мәселесі. Негізі әрбір адамда да жүйкесі сыр беру жағдайы орын алады. Бірақ оның алдын алу маңызды. Қазір көп адам бастапқы кезде ем алмай, ауруын асқындырып алады», — дейді Шығыс Еуропа елдеріндегі Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың өкілі Николай Негай.

Балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау, ойындарға тәуелділіктің артуына байланысты қалада «Психиатрия мен тәуелділіктің заманауи аспектілері» тақырыбында семинар өтті. Шараға мектеп психологтары мен арнайы орталық дәрігерлері қатысты. Оларға тренерлер адам жан дүниесін емдеу шараларының маңызды тұстары туралы ақпарат беріп, тәжірибесімен бөлісті.

«Біздің қоғамда жасөспірімдер арасында қалада болып жатқан өзекті мәселелер жетерлік. Әсіресе кәмелетке толмағандар арасында болып жатқан есірткіге, ойынқұмарлыққа тәуелділік артып барады. Ең өзекті жайт жастар арасындағы суицидпен күресуге қатысты тақырыптар бойынша өз тәжірибесімен бөлісу үшін 2 спикер келді», — дейді «Психикалық денсаулық орталығының» бас дәрігері Серік Мыңбаев.

Айта кетейік, семинар аясында ментальды денсаулық мектебін құру мәселесі көтерілді. Егер жоба қолға алынса, онда тәуелділікке салынған тұрғынның туыстары келіп, кеңес ала алады. Сол арқылы мамандар отбасы мүшелерімен бірлесе отырып, қоғамдық дертпен күресу жолын ұсынып отыр.