Бокстан халықаралық жарыс мәресіне жетті

28
Фото: То әкімінің баспасөз қызметі

Түркістанда даңқты боксшы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, білікті бапкер Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған бокстан ересектер арасындағы ХХХ халықаралық турнир мәресіне жетті.

Апта бойы шаршы алаңда қолғап түйістірген жұдырықты жігіттердің жеңімпаздары белгілі болды.

Тартысқа толы өткен бокс бәсекесіне барлық командалар жоғары дайындықпен келген. «Сен тұр, мен атайын» деген сайыпқырандар ринг көркін қыздырып, нағыз бокс бәсекесін көрсетті. Нәтижеге тоқталсақ, Түркістан облысының 6 боксшысы финалға жолдама алып, 3 алтын медальді қанжығалады. Оған қоса 3 күміс және 2 қола жүлдесі бар. Жүлде салған боксшыларды атап өтсек, 60 келіде Әділет Құрметов, 71 келіде Аман Қонысбеков, +92 келіде Даниял Сапарбайлар алтыннан алқа тағып, жерлестеріне зор қуаныш сыйлады.

Ал 63,5 келіде қолғап түйістірген Бақтияр Анарбаев, 71 келіде Темірхан Тезек, +92 келіде Нұрлан Сапарбай сынды талантты боксшылар күміс жүлдеге қол созды. Сонымен қатар 75 келіде Рамазан Дәуетай, +92 келіде Айбек Эрметовтер қолма медальді қанағат етті. Айта кетейік, 60 келіде өнер көрсеткен «Түркістан кәсіпқой бокс» клубының шәкірті Әділет Құрметов жарыстың «Ең үздік боксшысы» атанды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев, Әбдісалан Нұрмахановтың жұбайы Күлбаш Шаймерденова, Түркістан кәсіпқой бокс клубының директоры, бокстан Әлем чемпионы Қайрат Ералиев, Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Шынболат Райханов турнирдің үздіктерін құттықтап, арнайы тағайындалған медальдар, белбеулер және алғыс хаттармен марапаттады.

Бокс бәсекесіне еліміздің 15 аймағынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Камбоджа мемлекеттерінен іріктелген 145 былғары қолғап шебері 13 салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтаған болатын.