Шымкентте жыл басынан бері 231 әйел сотталған

20
Фото: Отырар.кз

Шымкентте жыл басынан бері 231 әйел сотталған. Ал жалпы қалалық қылмыстық сотта 1305 іс қаралған екен. Судьялар әйелдердің көбіне қандай қылмысқа баратынын айтты.

Жыл басынан бері қылмыстық сотта 1305 іс қаралып, 231 әйел сотты болған. Судьялардың сөзінше олардың басым бөлігі алаяқтық бойынша кінәлі деп танылған екен.

Низамиддин Жамашов, Шымкент қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы: «6 айдың ішінде 231 әйел сотталып отыр. Жаңағы 1305-дің ішінде сотталғандардың 20 пайызы әйел адам. Оның ішінде 80 пайызы алаяқтақтық бойынша. Тез ақша тапқысы келеді. Жұмыс істегісі келмейді. Содан кейін «мен саған несие алып берем, үй алып берем, жұмысқа кіргіземін, балаңды оқуғы түсіріп беремін дейді да, сомен кіріп кетеді».

Сонымен қатар қылмыстық істердің ішінде ең көп қаралатыны ұрлық істері. Ал ұрлық жасады деген күдіктілердің басым бөлігі «алаяқтық» бабы бойынша сотталатын көрінеді.

Низамиддин Жамашов, Шымкент қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы: «Соңғы 3 жылдың ішінде барлық қаралған қылмыстық істердің ішінде, адам өлтіру бар, бұзақылық бар, мал ұрлығы бар, солардың ішінде ең көбі «ұрлық» көп болып отыр. Ол ұрлық қылмысының ішіндегі ең көбі — «алаяқтық». Мысалы ұрлық 353 тұлғаға қатысты ұрлық болса, соның 231 ісі алаяқтықпен сотты болып отыр».

Айта кетсек, 6 айдың ішінде 245 қылмыстық іс аппелияциялық сотта қаралған. Оның ішінде 39 адамға қатысты 9 үкім өзгертілген.