Ауыл шаруашылығы өнімі 217 млрд. теңгеге жетті

32

Түркістанда 6 айдың ішінде ауыл шаруашылығы өнім көлемі 217 млрд. теңгеге жетті. Ал жыл соңына дейін көрсеткішті арттыру көзделген. Ол үшін кәсіпкерлер жаңа технологияларды қолданып келеді.

Түркістанда ауыл шаруашылығы өнім көлемі 217 млрд. теңгеге жетті. Бұл 6 айдағы көрсеткіш. Осылайша өсім 107,1%-ды құрады. Жыл соңына дейінгі меже — сала қаражатын 1,4 трлн. теңгеге жеткізу. Мамандар егіс алқаптарында өнімділікті арттыру мақсатында қолданылып жатқан жаңа технологияға тоқталып өтті.

«Биыл су үнемдеу технологияларын 22 мың гектар жерге енгізу көзделсе, жыл басынан бері 12,9 мың гектарға енгізілді. Су үнемдеу технологияларының қол жетімділігін арттыру бағыттында 2 кәсіпорын іске қосылды. Атап айтқанда, жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын «BNK Group LTD» зауыты және «Тұран су» МКК-ның тамшылатып суғару жүйесін шығару кәсіпорны өз жұмысын бастады», — дейді ТО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек.

2023 жылға дейін өңірдің өнім көрсеткішін 2 есеге өсіру жоспарланған. Ал қазір жол картасына енген 8 бағыт бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер толығымен орындалды. Дегенмен облыс әкімі аудан басшыларына алдағы уақытқа арналған нақты жоспар құруды тапсырды.

«Әрбір басқарма, әрбір аудан, қала әкімдіктері стратегияны орындау жоспарын әзірлеп, арнайы жиында қорғайды. Барлық аудан, қаланың жоспарын қарап шығамыз. Басты бағыт – өндіріс орындарын көбейту, өңірдің өзіндік кірістерін молайту. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту сынды басым бағыттар және өзге де салалар бойынша нақты ұсыныстар енгізілуі тиіс», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Ал Сауранда ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірнеше жоба жүзеге асады. Соның бірі заманауи мақта зауыты. Нысан қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланған. Аталған кәсіпорынды құруға түркиялық кәсіпкерлер 1 жарым млрд. теңге инвестиция құйып отыр. Ал зауыт жылына 10 мың тонна мақта өңдеуге қауқарлы. Мұнда маусымдық кезеңдерде 150 адам жұмыспен қамтылса, 35 адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Бұл тамшылатып суару әдісін Ескі Иқан ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер қолданып жатыр. Қытайлық инвестормен бірлесе атқарылып жатқан жобаның құны – 100 млн. теңге. Шаруа 133 гектар алқапқа жаңа тәсілмен мақта егіп, жылына 10 тонна өнім алуды көздеп отыр.