Қонақ үйдің заңсыз салынған қабаттары бұзылады

42
фото kz.otyrar.kz

Құзырлы орган өкілдері сот шешімін орындауға барлық азаматтар міндетті екенін ескертеді. Мәселен Шымқаланың қақ ортасында орналасқан 7 қабатты қонақ үйдің заңсыз салынған жоғарғы төрт қабаты бұзылады. Себебі нысан иесі біраз уақыттан бері ескертулерді елемей келген. Сондықтан сот орындаушылар өндірістегі күшіне енген шешімді жүзеге асыру үшін, ғимараттың жоғарғы қабаттарын мәжбүрлі түрде бұзуға кіріскен.

Шымқаланың орталығында орналасқан мына қонақ үйдің жоғарғы төрт қабаты бұзылады. Ол үшін арнайы техника да дайын. Мемлекеттік сот орындаушылары ғимараттың даулы жоғарғы қабаттарын бұзу бойынша соттың шешімі былтыр шілдеде шыққан дейді. Алайда ғимараттың иесі өздігінен бұзбағандықтан, Шымкент қаласының Әділет департаментідегі атқарушы құжаттарды орындау жөніндегі бөлім филиалының мемлекеттік орындаушылары бұзу жұмыстарын 14 тамызға тағайындапты.

Қасымхан Сәйфі, мемлекеттік сот орындаушысы: «Мына тұрған қонақ үйі  ғимаратының ішіне  кранмен көтеріліп терезелерінің әйнегін аламыз, сосын ары қарай бұзамыз. Толықтай».

Талап қоюшы Шымкент қаласының орта сапасы және бақылау басқармасы даулы нысанның үстіндегі өз бетімен салынған 4 қабатын мәжбүрлеп бұзуды сұраған еді. Үйі ғимаратқа жақын орналасқан Нина Парасаданиянның да бұл мәселеге қатысты айтары бар.

Нина Парасаданиян, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қонақ үйдің құрылысы басталғаннан мазамыз қашты. Үйімізде сызаттар пайда болып, төбемізден сылақ түсіп, қонақ үйде тұратындар үстімізден түкіріп, темекіні лақтырады. Мен бұл үйде 1980 жылдан бері тұрамын. Өткен ғасырдың 40 жылдары бой көтерген баспана атамнан мұраға өтті. Мына құрылыс болмаса әлі де 100 жыл тұрады».

Ескеретін жәйт, ҚР Азаматтық кодексiнің 244-бабының 1, 2 тармағына сәйкес мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін ҚР жер заңнамасына, ҚР Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және ҚР өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын ала алмайды. Оның құрылысқа билiк етуге — сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмiлелер жасауға — құқығы жоқ.  Өз бетiмен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс.