Ағымдағы жылдың 1-маусымынан бастап 31-қазанға дейін қаламызда республикалық деңгейдегі «ҚАРАСОРА-2024» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара басталған уақыттан бүгінге дейін полиция қызметкерлерімен өңірімізде есірткінің, психотроптық заттар мен сол тектестердің заңсыз айналымымен байланысты жалпы 132 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның 46-ы қылмыс және 86-ы қылмыстық теріс қылық.
Соның ішінде, іс-шараның негізгі бағыты болып табылатын құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру бойынша жалпы 23 дерек анықталды.
Мәселен, Тұран ауданында полиция қызметкерлерімен тексеру жұмыстарын жүргізу барысында, өз үйінде 7 түп «сора» өсімдігін баптап өсірген 61 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Тәркіленген есірткі өсімдіктердің жалпы салмағы 2 келіден асады.
Сол секілді, Әл-Фараби ауданының 55 жастағы тұрғыны өз пәтерінде 3 гүл егетін шелекке 14 түп «сора» есірткі өсімдігінің өсінділерін егіп, күтіп баптаған. Қазіргі таңда олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде шымкенттік полицейлер жоспарға сәйкес қаладағы барлық тұрғын үйлер мен аулаларда қарау жұмыстарын жүргізуде. Іс-шараның барысы департамент басшылығының бақылауға алынған.