Жолаушы автобус жүргізушісін соққыға жықты

113
Фото: Отырар.кз

Бүгін №148 автобуста басынан қатты соққы алған жолаушы қаза тапты.

Оқиға сайрам тұрғын алабында орын алған. Мамандардың мәліметінше, жол үстінде қоғамдық көлік жүргізушісін масаң күйде болған тұрғын соққыға жыққан. Сол сәтте жүргізуші бірден тежегішті басқан. Осы тұста есіктің алдында тұрған әйел құлап кетіп, басына тиген зақымнан жедел жәрдем барғанша оқиға орнында көз жұмды.

Жарақат алған жүргізуші ауруханаға жеткізілген. Жауаптылар қазір бұл жайт бойынша әкімдікке бірқатар ұсыныс айтылып жатыр дейді.

«Жарақат алған жүргізуші ауруханада.
Жалпы жолаушылардың қоғамдық көліктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақстында, жүргізушілерді қолма-қол ақша алудан босату бойынша қала әкімінің қаулысы ашық нормативтік құқықтық актілер порталында енгізіліп, талқылаудан өтуде. Одан бөлек, жүргізушілерді жолаушылардан оқшаулау әйнегін техникалық регламентке сәйкес орнату пысықталуда», — дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшы орынбасары Шерзат Сүттібаев.

Полиция департаменті қазір күдікті қамауға алынып, тергеу жұмысы басталғанын айтады.

«Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды», — дейді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі.