Инфаркт алған науқастар оның салдарымен күресу әдісімен бөлісті

43
Фото: Отырар.кз

Тұрғындар арасында жүрек-кан тамырлары ауруының алдын алу мақсатында жүрек орталығында науқастармен кездесу өтті. Шараның ерекшелігі инфаркт алып, бүгінде оның салдарымен күресіп жүрген жандар медициналық мекемедегі науқастармен өз тәжірибесімен бөлісті. 

Жасы 50-ді еңсерген қала тұрғыны Нұрмаған Бекбосынов осыдан 2 жыл бұрын инфакт алып, ауруханаға түскен. Сол сәттен бастан ағзадағы холестеринді көтермейтін тағамдар тұтына бастапты. Тіпті мұндай жайт қайталанбас үшін темекі шегуді доғарған. Салауатты өмір салтын ұстанып жүрген азамат, жүрек орталығында жатқан науқастармен кездесті.

«Қазақта басқа түскен баспақшыл дейді. Бұрын мұндайды ойламайтын едім. 2 жыл бұрын инфаркт болып қалдым. Мен күніне 3 қорап темекі шегетін едім. Ал ауырмас үшін темекіден аулақ болу керек. Мен ауруым қайталамауы үшін темекіні тастадым. Холестерин өспесін. Жаяу көбірек жүрсе жақсы болады. Холестерин көтерілмес үшін жылқының етін, салаттар, тұқымның тек қана ақуызын жеу керек. Ең бастысы нанды көп жемеу керек», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Нұрмахан Бекбосынов.

Жүрек орталығында науқастар қандай тамақ түрлерін тұтыну керек немесе мүлде бас тартқан жөн. Осы тақырыпта талқылау өтті. Бастысы мұндай кеңестерді дертпен күресіп, жеңіп шыққан жандар бір-біріне түсіндіріп, кері байланыс орнатты. Мамандар соның арқасында инфарктің қайталануын азайтуға болатынын айтады.

«Кездесу атеросклероз ауруына арналған. Науқастарымызбен кесдесіп бұл аурудың алдын алу, оны болдырмау сынды тақырып көтеріліп жатырмыз. Кездесуден кейін адамдардың сана-сезімі өзгереді деп ойлаймыз. Олар холестерин туралы біліп, өмір салтын өзгереді деп ойлаймыз», — дейді дәрігер-кардиолог Зәуре Ормаханова.

Кездесу кезінде 4 бөлім мамандары дәруменге бай, жүрек ауруларының алдын алуға септігін тигізетін тағамдар жасау жолын көрсетті.