Шымкентте жалдамалы пәтерлердің бірінен үндістандық екі студенттің мәйіті табылды. Қайтыс болған шетелдік азаматтың бірі 21, екіншісі 22 жаста болған. Олар Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының екінші курс студенттері екен. Қайғылы оқиғаның алдын-ала себебі — көміртегі тотығымен немесе табиғи газдан улану болуы мүмкін. Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама аяқталғаннан кейін белгілі болады.
«Аталған жайт бойынша қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде. Мәйіттерді визуалды қарау кезінде зорлық-зомбылық көрінетін белгілер анықталмады. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сараптамалар тағайындалды», — делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жалдамалы пәтерде бес адам болған. Олардың барлығы да шетел азаматтары. Екеуі бір бөлмеде, ал қалған үшеуі келесі бөлмесінде тұрған. Марқұм болғандардан бөлек, тағы екі шетелдік азамат мазасы болмаған соң ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оларға жеңіл көмірқышқыл тотығымен және табиғи газбен уланудың жеңіл дәрежесі диагнозын қойып, 2001 және 2005 жылы туылған азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетіпті.
Мадина Ермаханбетова, Қалалық гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері: «Жағдайының жеңіл дәрежеде, улану болу себепті алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін науқастар үйлеріне қайтарылды. Айтуларынша, ешқандай газ қосылмаған және шомылмағанбыз дейді. Екі азамат сол жақта көз жұмған, бізге келген науқастардың жағдайы ауыр болмады. Стационарлық жатуға, ем алуға көрсеткіш болмағандықтан, біз қабылдау бөлімінде ем көрсетіп, алғашқы көмек көрсетіп оларды үйге қайтардық».