Қазан айының соңында бүкіл әлемде инсульт күні атап өтіледі. Бұл ауру ересектер арасындағы өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі саналады. Сондықтан, дәрігерлер егде жастағы тұрғындар денесінің ұю белгілері білінген сәтте бірден ауруханаға жүгіну керек екенін айтады.
62 жастағы Шыныкүл Молдабаева екі рет инсульт алып үлгерген. Осыдан бірнеше ай бұрын ол аталған аурудың геморрагиялық түріне тап болса, жақында күйзелістің салдарынан ишемиялық инсульт алған. Барлық қиындықтарды еңсерген ана, ақ халаттылардың арқасында дін-аман қалғанын айтады.
«Алғашқыда ауыр болып келгем. 4 күн реанимацимяда жаттым. Кейін палатаға шығарды. Бір қолғ бір аяғым ұйып, содан соң жедел жәрдеммен келдік. Келгенде жақсы қарады. Шүкір аяқ-қолым жұмыс істеп кетті», — дейді Төлеби ауданының тұрғыны Шыныкүл Молдабаева.
Инсульт — бұл күтпеген жерден, ешқандай себепсіз пайда болатын ми қан айналымының жедел бұзылуы. Дерттің негізгі белгілеріне дененің бір бөлігінің әлсізденіп, сөйлеу мен қозғалыстың қиындауы жатады. Мамандар науқастың ауруханаға ауру белгісі айқындала бастаған кезде жеткізілсе, емделіп кету көрсеткіші жоғары дейді.
«Инсульттің екі түрі бар: олар геморрагиялық және ишемиялық түрі. Инсульт аяқ-қолдардың жансыздануын, сөйлеудің бұзылуын, тілдің ұюын және бас ауруын тудыруы мүмкін. Білгіленген «Алтын сағат» бар. Сол аралықта ерте жеткізілсе, ауруханада тромболитикалық терапия жүргізіледі», — дейді невролог-дәрігер Жазира Барат.
Ми қан тамырының бұзылысынан кейін оңалту шарасын өткізу маңызды. Сондықтан ел Президенті денсаулық сақтау және оңалтуға қатысты мәселелерді бірнеше рет көтерді. Ол аталған саланы дамытуға, халыққа медициналық көмек пен ем көрсету қызметінің қолжетімділігіне баса назар аударды.
«Денсаулық сақтау жүйесі науқастарға бағдар алып, олардың мүдделерін, денсаулығы мен өмірін басты орынға қоюы керек. Мұндай үлгіге көшу дербестендіру, цифрлық құралдарды енгізу, халықтың білікті дәрігерлік көмекке қолжетімдігін кеңейту арқылы мүмкін болмақ», — дейді ҚР ПрезидентіҚасым-Жомарт Тоқаев.
Былтыр облыстық клиникалық аурухана жанындағы инсульт орталығына 655 науқас түскен. Олардың 164-іне геморрагиялық түріне душар болса, қалғанына ишемиялық инсульт диагнозы қойылды. Науқастардың 20%-ы ғана «алтын сағатта» ауруханаға келіп жүгінген көрінеді.