Úı ANONS Шымкентте сарбаз жедел ақ қан ауруынан көз жұмды

Шымкентте сарбаз жедел ақ қан ауруынан көз жұмды

Шымкентте әскери сарбаз көз жұмды. Марқұм, 6506 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген. Қайғылы жағдай, 6 қаңтар күні тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаздың денсаулығы кенеттен нашарлап, ол медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Отан алдындағы борышын өтеп жүріп көз жұмған 21 жастағы Данияр Амалбековтің туыстары қайғыдан қан жұтып отыр. Ол Жамбыл облысының тумасы, мерзімді әскери қызметін Ұлттық ұлан сапында өтеп жүрген. Ресми дерекке сүйенсек, оған жедел лейкоз диагнозы қойылған. Әскери бөлімнің хабарлауынша, сарбаз қызмет барысында бірнеше рет медициналық тексеруден өткен. Тіпті, оған дейін дәрігерлердің бақылауында болған.

«Мерзімді қызметке Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі Департаментінен шақыртылған әскери қызметші әскерге келген алғашқы күндерінен бастап бірнеше рет медициналық қызметкерлерге жүгінген. Бақылауда тұрған және Шымкент қаласының медициналық мекемелерінде тексеруден өткен»
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Айта кету керек, 6 қаңтарда мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің жүрегі кенеттен тоқтап қалған. Ақ халаттылар сарбазды аман алып қалу үшін барын салғанымен ол, қалалық ауруханада жан тапсырды. Туыстарының айтуынша, баланың ауруын әскери қызметкерлер жасырған көрінеді. Тіпті, ауруханадан ауруханаға сүйреп, баламызды әбден әбіржіткен деп отыр. Марқұмның туыстары, арнайы коммисия алғашында тіпті Данияр Амалбековті медициналық тексеруден толық өткізбеген дейді.

Ал, марқұмның әкесі, жауаптылар баланың денсаулығында кінәраты болған. Сондықтан, жүрегі тоқтап қалды деп айтуға мәжбүрледі дейді.

Аталған факт бойынша әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Жағдай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының жеке бақылауында. Дегенмен, әскер қатарына шақырылмас бұрын ел азаматтары қатаң бақылаудан өтеді. Арнайы комиссия денсаулығы мен физикалық дайындығын тексереді. Ал жедел лейкоз диагнозымен бұл сарбаздың әскер қатарына қалай жіберілгені әлі де белгісіз болып отыр.

Ескере кетер жайт, 21 жастағы жігіттің әскерге барғанына 1 айға жуық уақыт болған. Айта кетейік соңғы үш жылда 270 тен астам сарбаз әскерде қаза тапқан.

Нұргүл Жолымбетова