Úı Jańalyqtar Туберкулезден кейінгі оңалту

Туберкулезден кейінгі оңалту

фото krymsk-crb.ru

 

Туберкулез – ұзақ мерзімді әлеуметтік талабы бар аурулардың бірі. Ауруды толық емдеп шыққаннан кейін де науқастың ағзасын қалпына келтіру, еңбекке қабілеттілігін арттыру және өмір сапасын жақсарту мақсатында оңалту шараларын жүргізу аса маңызды. Туберкулезден кейінгі оңалту медициналық, әлеуметтік және психологиялық бағыттарды қамтиды. Ағзада қалған қалдық өзгерістердің динамикасы бақылауда болады.

Бұл шаралар аурудың қайта асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді. Оңалту кезеңінде дәрі-дәрмектік қолдау да маңызды рөл атқарады. Иммундық жүйені нығайтуға бағытталған препараттар, витаминдер кешені, сондай-ақ бауыр қызметін қалпына келтіретін дәрілік құралдар дәрігердің тағайындауымен қолданылады. Өз бетінше ем қабылдауға жол берілмейді.

Дұрыс және теңгерімді тамақтану – туберкулезден кейінгі оңалтудың негізгі құрамдас бөлігі. Науқастың күнделікті рационында ақуызға бай тағамдар, сүт өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер жеткілікті мөлшерде болуы қажет. Сонымен қатар, алкогольді ішімдіктерден және басқа да зиянды әдеттерден толық бас тарту ұсынылады. Физикалық қалпына келтіру мақсатында емдік дене шынықтыру, тыныс алу жаттығулары және таза ауада серуендеу кеңінен қолданылады. Бұл шаралар өкпенің тыныс алу қабілетін жақсартуға, жалпы ағзаның төзімділігін арттыруға ықпал етеді. Дене жүктемесі біртіндеп, дәрігердің бақылауымен жүргізілуі тиіс.

Туберкулезден кейінгі оңалту – науқастың толыққанды өмірге оралуына бағытталған маңызды кезең. Кешенді және жүйелі түрде жүргізілген оңалту шаралары аурудың қайта асқыну қаупін төмендетіп, науқастың денсаулығын нығайтуға және қоғамға белсенді түрде қайта қосылуына мүмкіндік береді.

Н.М.Сарсенбаев,

Шымкент қаласы Абай ауданының

СЭББ Басшы орынбасары