Түркістанда Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы өтті. Жиын мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын және Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жетілдіру мәселелерін талқылау. Кездесуде қандай проблемалар көтерілді?
Қазақстанда мемлекеттік қызметкердің имиджін өзгертетін уақыт келді. Мамандар Түркістан қаласында өткен Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумында осылай деді. Сөздерінше, бүгінде жастар мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келмейді. Себебі мұнда еркіндік жоқ.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламент Сенатының депутаты: «Маған осы мемлекеттік қызметтің имиджін өзгертетін кез келген сияқты көрінеді. Өйткені Еуропаның талай елдерінде болып жүрсіздер, біз де болдық. Мемлекеттік қызметшілер біздегідей костюм шалбар киіп, сықиып, күнделікті олай жүрмейді. Емін-еркін жүреді. Еркіндік деген мәселе де осындайдан шығатын шығар деп ойлаймын»
Іс-шара Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Жиында қоғамға үлгі бола алатын тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың жолдары кеңінен талқыланды. Агенттік төрағасы форум аясында нендей мәселелерге баса назар аудару керектігін айтты.
Бибігүл Ағыбаева, МҚІА жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы: «Егер де мемлекеттік қызметкер болсын, жай жұмыскер болсын, қандай да бір теріс әрекет жасап, құқықбұзушылық жасап жүрсе, ол адамға қолымен жасағанды мойнымен көтерткізу керек. Сол арқылы оның ойлауына көмектесуіміз керек. Осылайша біз Қазақстанда құқықтық мәдениетті қалыптастырамыз. Және де кез-келген ұйымның ішінде тәртіпті орнатамыз»
Кездесуде сөз алған облыс басшысы форум жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Дархан Сатыбалды бүгінде Түркістан облысында 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейтінін атап өтті.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Киелі Түркістанда мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқының жаңа моделіне арналған форум өтіп жатқаны бізді қуантады. Себебі облыста халық көп. 2,2 млн-ға жуық халқымыз бар. Оның ішінде 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Бүгінгі таңда ҚР Президенті жанындағы басқару академиясының 19 түлегі, «Болашақ» бағдарламасының 5 түлегі, шетелдерде білім алған 64 мемлекеттік қызметші өңіріміздің дамуына қызмет етуде»
Айта кетейік, бәсекеге қабілетті мемлекеттік аппаратты құру мақсатында облыста өңірлік кадрлық резерв іріктеліп, 32 қызметші жасақталған. Қазіргі таңда 3 резерв өкілі жоғары лауазымға тағайындалған.