Шымкентте ойынға тәуелді 15 мемлекеттік қызметкер анықталған. Қазір олардың барлығына заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылған. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап жоғары. Сондықтан қоғам сеніміне селкеу түсіретін әрекеттер заң аясында қатаң қаралады.
Шымкентте ойынға тәуелді болып қалған 15 мемлекеттік қызметкер анықталды. Бұл туралы бүгін қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Қанат Қадырбековтың сөзінше, олардың бәріне заң талабына сай тиісті шара қолданылған.
ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ: «Лудоманияға қатысты. Расында да Шымкент қаласының прокуратурасының жүргізген жұмысы аясында қаламызда бірқатар мемлекеттік органдардың, мемлекеттік мекемелердің құқық қорғау органдары қызметкерлері осындай бәс тігіп заңмен шектелген ойын бизнесіне бәс тіккені анықталды. Бірқатар мекемелер болды. Соның ішінде мемлектетік қызметте болып, шығып кеткендері де болды. Ал нақты мемлекеттік қызметте болып тұрған азаматтарға қатыстысы жаңылмасам 15 мемлекеттік қызметкер шықты. Олардың барлығына заңнама аясында тиісті шара қабылданды».
Кез — келген Қазақстан азаматының мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге құқығы бар. Бұл Конституциялық норма. Бірақ қызметтің өз жауапкершілігі бар екенін ұмытпаған абзал. Айталық, мемлекеттік қызметші қабылдаған шешімде бұрмалау фактілері анықталса, заңмен жауапқа тартылады.
ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ: «Конкурстық рәсімдерге келетін болсақ, бүгінде конкурсқа қатысатын кез — келген кондидат алдында мәтінмен жұмыс істеу қабілеті, сандық мәліметтермен жұмыс істеу, соған толығымен баға беріледі. Сіз айтқан тестің құрамындағы осы есептерге қалай жұмыс істей алады деген баға беріледі. Бұл бір бөлігі».
Еске салайық, өткен жылы прокуратура Шымкентте құмар ойынға құнығып бәс тіккен 50 мемлекеттік қызметкер анықтаған. Олар бір жыл шінде букмекерлік кеңсеге 400 миллион теңге ұтылған. Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынға тәуелділікті ресми түрде психикалық аурулар қатарына жатқызады.
Дилара Иса






