Спортшылар мен өнер адамдары арасында деструктивті жат ағымдарды жақтайтындармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаладағы өзге ағымның жетегінде кеткендердің «ыстық» орындары анықталған. Бұл туралы дін істері басқармасының басшысы мәлімдеді. Сөзінше ескі қалашық аумағы мен мегаполистегі сауда орындары жат ағымдағылардың жиі жиналатын орнына айналған.
Шымкентте жат ағымның жетегінде жүрген 902 азамат тіркелген. Оның қатарында спортшылар мен өнер адамдары бар. Олармен арнайы мамандар жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы қоғамдық кеңес отырысында дін істері басқармасының басшысы баяндады.
Бақтияр Өнербаев, Дін істері басқармасының басшысы: «Спорт, мәдениет саласында көп азаматтар, әсіресе спортшылар арасында жат ағымдарды жақтайтындар бар. Олармен жұмыстар атқарылып жатыр. Пәленше деп атын атап бере алмаймыз. Олармен біздің теолог, психологтар жұмыс атқарып жатыр. ҰҚК бірлесе жұмыс атқарылып жатыр. Деструктивті ағымдарда жүрген азаматтар саны Шымкентте 902».
Қалада өзге ағымның жетегінде кеткендер жиналатын «ыстық» нүктелер анықталған. Басқарма басшысының айтуынша, ескі қалашық аумағы мен мегаполистегі сауда орындары жат ағымдағылардың жиі жиналатын орнына айналған. Дегенмен, қоғамдық кеңес мүшелері жатақханаларды тексеріп, жиі түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Азат Әміртай, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Жатақхананы назарға алсаңыздар. Базардағылар сіздермен сөйлеспейді олар. Олар әбден әккі болып қалған. Біз жастармен жұмыс жасауымыз керек».
Қала әкімінң орынбасары жат ағымдармен күресте тек тиісті басқарма ғана емес, жұрт болып жұмылып жұмыс жасау керектігін айтады. Бұл үшін алдымен балаларды спортпен, өнер-ғылыммен шұғылдануға баулу керек дейді ол.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бұл тек дін басқармасының жұмысы емес, мұнымен біз жұрт болып жұмылып, ел болып бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Білім беру сапасын көтеруіміз керек, спортпен шұғылданатын, шығармашылық үйірмелермен айналысатындардың санын көбейтуіміз керек».
Шымкентте дәстүрлі емес діни ағым қауымдастықтармен тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр дейді басқарма басшысы. Мәселен, жыл басынан бері радикалды қауымдастықтардың әлеуметтік желідегі парақшаларына тіркелген 6950 қолданушыға хабарлама жолданған. Нәтижесінде оның 1401-і қауымдастықтан бас тартыпты. Ал әлеужеліде 18 840 жат ағымға тиесілі материал бұғатталған.