«Tolem» жүйесін қашанға дейін пайдалануға болады?

43
фото Отырар.кз

Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы «Tolem» компаниясымен арадағы келісімшарттың бұзылғанын айтып, байланыстың үзілгенін мәлімдеді. Сөзінше бұған компания тарапынан келтірілген бірқатар кемшілік пен шарттың дұрыс орындалмауы себеп болыпты. Ал компания өкілдері әлі келісімшарттың бұзылмағанын айтады. 

«Енді жолаушылар көлігі басқармасы «Tolem» компаниясымен жұмыс жасамайды. Арадағы келісімшарт бұзылды». Бүгін тиісті басқарма басшысы Ролан Ибрагимов осындай мәлімдеме жасады. Мұндай шешім қабылдауға валидаторлардың жиі істен шығуы мен интернетсіз жұмыс істемейтіндігі, құрылған бақылау тобының баяу жұмысы, жолаушылар саны туралы деректердің болмауы сынды бірқатар кемшілік себеп болыпты.

Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Келісімшарт бізде «Tolem»-мен бұзылды. Қазіргі таңда адамдар өзінің картасындағы балансын пайдаланып алса болады, өйткені әзірше жүйеден өшірмейміз. Бірақ қазір бізде қарым-қатынас жоқ басқарма мен Tolem арасында».

Ал, «Tolem» компаниясының директоры келісімшарттың әлі бұзылмағанын айтып, басқарма басшысының сөзін жоққа шығарды. Серіктестік басшысының сөзінше, басқарма тарапынан кемшіліктер туралы айтылған уәж тіптен негізсіз көрінеді.

Ерлан Нұрланұлы, «QazSmartTrans» ЖШС директоры: «Басқарма тарапынан біздің арамызда жасалған 2019 жылғы келісімшарттың бұзылуы туралы олардан бізге хабарлама келді. Бірақ біз ол келісімшарттың бұзылуына келіспейміз. Себебі ол жерде олардың бізге жазған претензиялары бар, 4 пункт. Ол претензияның ешқайсысы негізсіз, оны ресми жариялап айта алам. Ол келісімшарттың бұзылуы заңсыз екені туралы біз сотқа шағымданып қойғанбыз».

Компания нарықта қала ма, жоқ па деген сауалдың жауабы тек сот шешімінен кейін белгілі болады. Әзірге анығы – сот шешімі шыққанша, жолаушылар«Tolem» картасы мен қосымшасын қолдана алады.