Түркістан қаласындағы жаңа тұрғын үйлердің сапасы сыр берді

42
фото Отырар.кз

Түркістан қаласында жаңадан құрылған аудандардың бірінде тұрғындар дабыл қағып, жергілікті биліктен көмек сұрап отыр. Айтуынша олар жақында ғана қоныстанған көпқабатты үйлерінің сыртқы қабырғасына жарық түсіп үлгерген. Мердігер қайта қалыпқа келтіруге тырысса да, жарық-жырық қайта із салып жатыр екен. Бұл мәселе қалай және қашан шешіледі?

Бұл көпқабатты үй тұрғындарының мәселесі көп уақыттан бері шешімін таппай отыр. Нұргүл Алпысова бұл үйден жалғыз басты ана ретінде пәтер алған. Тұрақты түрде жалдау ақысын төлеп келеді. Өкініштісі пәтер жанға жайлы болып тұрған жоқ. Себебі ғимаратта ақау көп: пәтер төбесі жарылып, подьезд қабырғаларындағы жамалған жырықтар, қайта із салып жатыр.

Нұргүл Алпысова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Көптен бері, осындай жарық қой. Бір рет келіп әкімшілік тараптан жөндеу жасады. Одан кейін қайтадан жарылды. Балалар келсе үстіне құлайды мына жерден, төмен қарай сатырлап. Осы жөндеумен отырмыз».

Айгүл Өсекованың айтуынша бұл түйіткілдің түйіні тарқатылмай келе жатқанына бірнеше жыл болған. Сөзінше жергілікті әкімдік өкілдері қанша келіп көргенімен пайда болмай тұр. Олар жәй ғана суретке түсіріп, орындалмаған есеп деп тіркеп кететін көрінеді. Құрылысшылар да көмек бере алмады, дейді тұрғындар.

Айгүл Өсекова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Жеті жыл болды. Осы тұрғын үйге көшіп келгелі. Ремонтты 1-2 мәрте подьезді істеді. Одан кейін қайталап істеген жоқ. Әкімшіліктен келеді-келеді, көріп кетеді. Ештеңе деп айтпайды. Жарық болғанда, соларды айтады әйтеуір. Көріп-көріп кетіп жатыр ғой әйтеуір».

Рухани астанадағы бұл үйлер 2017 жылы қолданысқа берілген. Жалдамалы пәтерлерді жеңілдетілген жолмен әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрған жандар алған. Әкімдік бұл мәселе бақылауда, жақында шешімін табады дейді. Сонымен қатар билік басындағылар, ғимараттың жағдайын анықтау үшін арнайы мамандар жасақтап жатқанын айтты.

Талғат Үсенбаев, Түркістан қаласының тұрғын үй басқармасы басшысы: «2023-2022 жылдары ағымдағы жұмыстар жүргізілген. Ол жерге егер ондай, үлкен жарықтар бар болатын болса, біз арнайы эксперттер шақыртамыз. Ол апатты, апатты емес екендігін анықтап, сол жерде шешім  беретін болады. Оны біз назарға алатын боламыз».

Түркістан облыс атанғалы бері қалада 500 -ге жуық көпқабатты үй бой көтерген. Жекеменшік компаниялардың да, мемлекеттік мекемелердің де тұрғызған үйлері, мемлекеттік бағдарлама аясында беріледі.

Айта кеткен жөн, тұрғындар салынған үйлердің сапасына жиі шағымданады, ал билік тарапы мердігер ұйымның салғырттығын айтып, мәселені жақын уақытта шешуге уәде береді.

Әділет Әнуар