Шымкентте өздері есірткі өндіріп, қала аумағында саудалағандар құрықталды. Кезекті есірткі зертханасынан 10 келі тартатын дайын синтетикалық есірткі мен 60 литр сұйық есірткі өнімі тәркіленді. Белгілі болғандай 2 жергілікті тұрғын ұйымдасқан түрде еліктіш затты өндіріп, мегаполис аумағына сатып келген.
Жанерке Атықаева, Шымкент қалалық прокуратурасының өкілі: «Тінту барысында «Альфа PVP» есірткі затының 10 келіге жуық өнімі ұнтақ түрінде, 60 литрге жуық өнімі сұйық түрінде, 240 литрхимиялық заттар және лабораториялық құрал жабдықтар, сондай-ақ дайын өнімдерді кептіруге арналған сөрелер анықталып, тәркіледі. Күдіктілерге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды».
ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес, «есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау және сату» ісі бойынша сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары басталып кетті. Егер күдіктілердің қылмысы дәлелденсе, оларға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ұсталғандар бүгінде уақытша ұстау изоляторында.