Түркістан облысының прокурорлары синтетикалық есірткі сататын дүкенді анықтады. Жұмыс тобы «Telegram» әлеуметтік желісінде талдау жүргізіп, «синтетика» тарататын чат-бот дүкенін тапты. «Жасырып кетушілер» ұсталып, 3 кг мефедрон тәркіленді. Аталған фактілер бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды.
Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі: «Дилерлер синтетикалық есірткі таратудың жаңа әдісін қолдана бастады. Тәркіленген мобильді телефондарды тексеру барысында интернет-дүкендердің бірі арқылы 255 мың теңгеге 5 300 магнитке тапсырыс берілгені анықталды. Магниттер синтетикалық есірткілерді металл заттарға жапсырып кету үшін жаппай қолданыла бастаған. Олар скотчпен оралған күйінде таратуға дайындалған. Осылайша, құны 133 миллион теңге болатын 5 300 доза мефедрон есірткісінің таралуына жол берілмеді»
Сонымен қатар, күдіктілердің мобильді құрылғыларынан заңсыз қаржылық транзакциялар жүргізілген криптоәмиян анықталды. Оған қатысты параллельді қаржылық тергеу жүргізілуде.