Анасын бауыздап өлтіріп, денесін өртеп жіберген

130

Шымкентте жантүршігерлік жағдай орын алды. Ер адам өз анасын бауыздап өлтіріп, денесін өртеп жіберген. Полиция ұсынған алдын ала болжам бойынша, оқиғаға отбасылық жанжал себеп болған көрінеді. Көршілері мен куәгерлердің сөзінше, күдікті ер адамның психикалық ауытқуы болуы мүмкін. Қазір жеке үйдің есігі құлыпталып, полициямен мөрленген.

Оқиға 12 қаңтар түнгі сағат 02:50 шамасында жеке үйлердің бірінде болған. Жаға ұстатарлық жайттың кезінде үйге кіріп барған маңайлас көршілер алдымен отты байқапты. Айтуларынша үйдің егесін іздемек болған оларды баласы қуып шыққан. Жан түршігерлік жайдың куәсі болғандар 1994 жылғы ер адамның психикалық ауытқуы бар болуы да мүмкін дейді. Бірақ бұл отбасында бұрын-соңды жанжал болғанын немесе күдіктінің теріс қылықтарын ешкім байқамапты.

«Бәріміз қосылып итердік қақпаны. Ашып жібергенімізде бала от жақта жүрді бірінші. Бізді көрді де бізге қарай атылып жүгірді. Времянкаларына кірмедік, есігі ашық тұрған, басымызды сұғып, «апа, апа» деп іздеп қарасақ, сүйретілген қан, қабырғаның бәрі қан, біз айғайладық та қаштық. Сосын баласы бізді қуалады», — дейді куәгер.

«Қысымым көтеріліп, дәріханадан келе жатқанбыз. Үйде өрт болып жатқанын көрдік. Басқа да көршілер тұрды. Қақпаны ашып көрдік. Ол бізді де қуды, қолында бірнәрсе болды, сонынмен бізді ұрғысы келді. Біз қаштық, қатты қорықтық. Анасын өлтірген адамнан бәрін күтуге болады», — деді тағы бір куә.

Күдіктіден қашқан куәгерлер бірден полиция шақырған. Тәртіп сақшылары ер адамды ұстап, қамауға алды. Оқиға орнында мәйіттің өртенген қалдықтары табылған.

«12 қаңтар түнгі уақытта полицияға зорлық-зомбылықпен өлім белгілері бар өрт туралы хабарлама түсті. Оқиға орнынан әйел адамның мәйіті табылды. Жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Алдын ала деректер бойынша, қылмыс отбасылық жанжал нәтижесінде орын алған», — деп мәлімдеді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі.

Жантүршігерлік оқиға бойынша ҚР ҚК 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатыр.