Көпбалалы жанұяларға қуанышты хабар. Салық кодексіне көпбалалы отбасыларға арналған салықтық жеңілдіктер енгізілді. Нақтырақ айтсақ, қазіргі енгізу бұрынғы нормада болған. Жыл басынан бастап жанданып отыр. Осылайша енді 4 немесе одан да көп балалы жанұялар жылына 100 мыңнан аса, айына 9 мыңнан көп ақшасын жеке табыс салығынан үнемдеп қала алады.
Көпбалалы отбасыларға жағымды жаңалық. Енді кәмелетке толмаған 4 баладан көп ұл-қыздары бар жандар салықтық жеңілдіктерге ие болады. Себебі көпбалалы жанұяларға жеке табыс салығы бойынша салықтық шегерімдерді қарастыратын салық кодексінің бұрын тоқтатылған бөлімі қайта күшіне енгізілді. Сонда көп балалы-шағалы әр жанұя ай сайын жеке табыс салығына төлейтін сомасынан 9 мың теңге үнемдейді.
Жаңа салықтық жеңілдікте жылына 282 АЕК-тен аспайтын мөлшерде әр жанұя табысына салықтық шегерімдер қарастырылған. Әр айға шаққанда 23 АЕК-тегі 90 мың теңгені құрайды. Мәселен бір жанұя табысы белгілі бір соманы құраса, оның 90 мың теңгесінен жеке табыс салығы алынбайтын болады.
Яғни, қандай жағдайда да бұдан былай балалары көп отбасылар ай сайын 9 мың жылына 100 мың теңгеден астам қаражатын салықтан үнемдеп қалу мүмкіндігіне ие. Егер ата-ананың екеуіде жұмыс жасайтын болса, 90 мың теңге екіге бөлініп, әр қайсысы ай сайынғы 12 АЕК-тегі табысын салықтан босатады. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, бұл мүмкіндікке қол жеткізу үшін қажетті құжаттарды тиісті орындарға ұсыну қажет.
Шерхан Жұман, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасы уәкілетті органдармен жұмыс бөлімінің басшысы: «Шегерім қолданылатын күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына жеке тұлғаның кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы болған жағдайда көп балалы отбасы үшін салықтық шегерім қолданылады, ол осындай балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерімен расталады».
Салық кодексінің 342-бабында көпбалалы отбасылар салық шегерімін басқа жеңілдіктермен біріктіре алатыны жазылған. Олардың ішінде міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеумметтік сақтандырудағы аударымдар сондай-ақ стандартты салық шегерімдері бар. Барлығын қосқанда 564 АЕК көлеміне дейін жетуі мүмкін. Яғни салықтық жеңілдіктерді біріктіре алатын санаттағылар жылына 2 млннан астам қаржыны салықтан босату мүмкіндігіне ие бола алады.
Салық кодексінің 342-бабына сәйкес, көпбалалы отбасылар салық шегерімдерін басқа жеңілдіктермен біріктіре алады. Олардың ішінде:
Міндетті зейнетақы жарналары;
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар;
Стандартты салық шегерімдері.
Көпбалалы отбасыларға қолдау ретінде енген бұл өзгерістен басқа, өткен жылы 577 мыңнан астам 4 және одан да көп, балалы-шағалы жанұяға жәрдемақы төленіпті. Енді жаңа салық жеңілдігі оларға жылына 1 млннан астам табысын салықтан босатуға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, Шымкентте 66985 көпбалалы аналар тұрады. Оның «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар саны 13614 адамды құрайды.