35 отбасы наурызды жаңа үйде тойлайды

Көксайлық 35 отбасы наурыз мерекесін жаңа үйде тойлайды. Қала әкімінің тапсырмасымен Жолдыбай Нұрлыбаев көшесінің тұрғындары Шымкент сити және Тұран шағынауданынан су жаңа пәтерлердің кілтіне ие болды. Бұған дейін тозығы жеткен, апатты үйде тұрып келген олар заманауи жайлы баспанаға қол жеткізді.

Жұлдыз Керкінбаева Жолдыбай Нұрлыбаев көшесінің тұрғыны. Ол екі жылдан бері апатты деп танылған үйде тұрып келген. Ескі баспанасының төбесінен су ағып, бұл отбасыны әбден әбігерге салған екен. Енді бұл мәселеден құтылдық деген тұрғынның қуанышында шек жоқ. Өйткені, ол жақын күндері жайлы пәтеріне қоныстанады.

Жұлдыз Керкінбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл үйде екі жылдан бері тұрамын. Үйдің жағдайы өте нашар апатты жағдайда тұрған. Төбеден су ағады. Қазір алған үйіміз әдемі, жаңа үй. Барып көрдік 11 қабатта жаңа үй алып жатырмыз».

Жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру аясында, осы ауданда тұратын тағы 159 отбасын көшіру жоспарлануда. Оларда жақын арада баспаналы болмақ. Мамандардың айтуынша, тозығы жеткен үйлерді қайта жаңғырту, мегаполистің келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.

Данияр Ахметжанов, «Shymkent ӘКК» АҚ басқарма төрағасы: «Осы ауданда бұған дейін 22 пәтер бердік. Қазір 35 отбасыға беріп жатырмыз. Барлығы 57 пәтер болды. Осы Көксайда 23 үй бар екі қабатты үй. Мұнда 200 пәтер бар. Осының 25 пайызын көшіріп қойдық. Беріп жатқан пәтерлер бастысы «Грин Сити» тұрғын үй кешені бар. Содан алып жатыр тұрғындар. Одан кейін Тұран ауданында «Жас отау» деген комплекс бар содан алды және тағы 5 пәтерде «Дәсдес» деген үй бар Шымкент ситиде сол жерден алды».

Айта кетейік, өткен жылы реновациялау бағдарламасы аясында 22 отбасыға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берілген. Ал, алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандарды, саябақтар мен скверлерді кезең-кезеңімен салу жоспарланған. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған мектепті кеңейту және көпфункционалды сауда-логистикалық орталығын құру көзделген.

Нұргүл Жолымбетова