8 өңірде су басу қаупі жоғары

фото egemen.kz

Көктем келгелі еліміздің 8 өңіріндегі халық алаңдаулы. Синоптиктердің ақпаратына сәйкес, биыл 1223 елдімекенді су басу қаупі бар. Бұл өзекті мәселе ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында жан-жақты қаралып, жауапты органдардың іс-қимылы пысықталды.

Биыл еліміздегі 1223 елдімекенді су басу қаупі бар. Тасқын қаупі бар аймақтар қатарында Түркістан облысы да аталып отыр. «Қазгидромет» таратқан ресми ақпарат бұл мәселенің Парламент Мәжілісінде де талқылануына негіз болды. Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев жыл сайын қайталанатын бұл күрделі жағдайдың неге ешкімге сабақ болмайтынын ашық сұрады.

Жауапты органдар жағдай бақылауда екенін мәлімдеді. Су тасқыны қаупі жоғары 8 облыста жедел штабтар тәулік бойы жұмысқа кірісті. Қауіп басым аймақтар – Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары. Ал Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында қауіп орташа деңгейде. Тасқын қаупі төмен аймақтар қатарында Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары бар.

Ауа — райы болжамына сәйкес, наурыз-сәуір айларында күн күрт жылынып, жауын-шашынның мол түсуі ықтимал. Қазіргі таңда еліміздің 71 пайызы қар құрсауында жатыр. Бұл жағдай тасқын қаупін күшейте түседі. Сондықтан жергілікті билік қар тазалау және алдын алу жұмыстарын жеделдетуі тиіс. Бұл – Үкімет басшысының тапсырмасы.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:  «Қазір үкіметте күн сайын мониторинг жүргізілуде. Менің қызметке кіріскеніме 1 ай болды. Сондықтан толық жауап бере алмаймын. Су ресурстары комитеті … Қазір штаб құрылған үкіметте, өңірлерде 24 сағат бойы осындай штабтар жұмыс жасауда».

Ал Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың айтуынша, су тасқыны болған жағдайда су қоймалары суды қабылдауға дайын.

Айта кетейік, елдімекендерді су басу қаупі былтыр да жоғары деңгейде қарастырылып, алдын алу шаралары жүргізілген болатын. Алайда қар еріп, кейбір ауылдар мен саяжайларды су басқан еді. Биыл да дәл сондай жағдай қайталанбайтынына кім кепіл?

Шынар Оразова