Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Қ.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы Қ.-ға ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен /лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара беруге бірнеше рет айдап салу арқылы алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін алдау жолымен бірнеше рет иемдену/ айып тағылған.
Қ. 2020 жылдың тамыз айында жәбірленушілер Н. мен О.-ға «Шым Сити» шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінен мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген, жалдамалы пәтер алып бере алатынын алдап айтып, ол үшін Н.-дан 350 000 теңге, ал О.-дан 200 000 теңге ақша алған.
Сонымен қатар, жәбірленуші Н.-мен сөйлесу барысында «қаладағы аурухананың бірінде лаборант болып жұмыс жасайтынын, айлығының аздығын» біліп, таныс бас дәрігері арқылы жалақысын көбейтіп беретінін алдап айтып, ол үшін бірнеше рет 100 000 теңге, 50 000 теңге ақша алып, жәбірленушілерге жалпы сомасы 950 мың теңге шығын келтірген.
Сотталушының алаяқтық қылмысы бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Прокурор сотталушыны ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен айыптаудан бас тартты, 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленушілер прокурордың айыптаудан бас тартуымен келісіп, сотталушымен татуласқандарын және істі тоқтатуды сұрады.
Жаза тағайындау барысында сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіруін ескерді, ауырлататын мән-жай анықталмады. Сот, Қ.-ны ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танып 3 жылға шектеу жазасын тағайындады. Ал, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы бөлігінде прокурор айыптаудан бас тартуына байланысты тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енбеді.