Úı ANONS 1500-ге жуық ит-мысыққа стерилизация жасалды

1500-ге жуық ит-мысыққа стерилизация жасалды

Қалада қаңғыбас жануарларды стерилизациялау шаралары жалғасуда. Мәселен, биыл, уақытша ұстау пунктінде зарарсыздандырылған ит-мысық саны 1447-ні құрады. Оның ішінде 145-і мысық дейді ресми өкіл. Оның айтуынша, кейбір жануарлар зарарсыздандырылған соң, мінез-құлық танытпаса, бұрынғы  мекендеріне жіберіледі дейді.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес, қаңғыбас жануарларды стерилизациялау уақытша ұстау пунктінде болудың 4-күні шешіледі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары мәлімдеді. Сөзіне сенсек, ит-мысықтар толық тексеруден өтіп, вакцина салынған соң, агресивті мінез таныстпаса, келген жеріне қайтарылады.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары: «Қаңғыбас жануарларды операциядан кейінгі асқынулар болмаған жағдайда ұрғашылар үшін кемінде күнтізбелік 11 күн және еркектер үшін күнтізбелік 4 күн күтіп ұсталып (ауыз су беру, тамақтандыру мен механикалық тазарту, емдеу), агрессивті мінез-құлық танытпаған жануарлар (арнайы чип пен бирка салып, дерекқорға тіркеліп, құтыруға қарсы вакцина егіледі) бұрынғы мекендеу орнына жіберіледі».

Айта кету керек, бұған дейін 2023–2024 жылдары мемлекеттік сатып алу конкурсының болмауына байланысты бұл жұмыстар тоқтап тұрған еді. Ал, қазір 3 ветеринарлық дәрігермен келісімшарт түзіліп зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 1500 ге жуық ит-мысыққа стерилизация жасалды.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары: «Гуманизм заңы бар. Алда жалда адамдарға жұғатын аурулары болмаған жағдайда, оны ұстап отыруға немесе көзін жоюға құқығымыз жоқ. Сол себепті осындай шараларды қабылдауға тиістіміз. 1 302 ит (оның ішінде 1 040 еркек, 262 ұрғашы иттер) 145 мысық (оның ішінде 96 еркек, 49 ұрғашы мысықтар) зарарсыздандырылды».

Ресми өкілдің айтуынша, кейбір ит-мысықтарды зооеріктілер мен қала тұрғындары бағу үшін алып кеткен. Ал, жалпы қаладағы жануарлар санын реттеуге, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жануарлардан жұғатын аурулардың алдын алуға бағытталған шаралар өз деңгейінде атқарылып жатыр. Жұмыс ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай дейді.

Нұргүл Жолымбетова