Úı ANONS «30 млн. теңге салып, алданғандар бар»

«30 млн. теңге салып, алданғандар бар»

Бүгін Шымкентте сот 4 мыңдай адамды алдап соқты деген «Назира голд» қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша үкім оқыды. Судья басты айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Дегенмен ол үкіммен келіскен жоқ. Шулы істің мән-жайын толығырақ сюжетте айтамыз.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты атышулы «Назира голд» ісі бойынша үкім оқыды. Үкімді тыңдауға келгендердің көптігінен ондаған адам залға сыймай, сыртта қалып қойды.

Іс шулы, ал оған қатысушылар қатары ауқымды. 9 сотталушы, 148 жәбірленуші тіркелген. Үш сотталушы қамауда, қалғаны үйқамақта болған. Қылмыс 2 жылға жалғасқан. Жәбірленушілер бірнеше облыстан келген. Олар қаржы пирамидасынан қомақты пайда табамыз деп 30 миллион теңгеге дейін ақша салып, дымсыз қалған. Арасында несиеге батқандар жетіп артылады. Жалпы залал көлемі 1 миллиардтан асқан.

Судья:  «Үкім етті. Нұржан Назира Бибосынқызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 217-бабымен, 218-бабымен қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны блойынша кінәлі деп танылсын».

Сөйтіп сот іс бойынша басты айыпталушыны 10 жылға түрмеге жапты. Өзіне және туыстарының атына жазылған зәулім үйлер, пәтерлер мен қымбат көліктер және алтын бұйымдардың бәрін тәркілеуге жатқызды. Ал оған көмектесіп, «қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабымен айыпталған сегіз адамның бірінің бас бостандығы 1 жылға шектелді. Ал қалғаны 5 жылға сотталды.

Бас бостандығынан айырылғандардың барлығы жазасын қылмыстық атқару жүйесіндегі қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде, балалары кәмелет жасқа толғаннан кейін өтейтін болды. Сотталушылардың бірі сот үкімімен келіспейтінін айтты, қалғаны пікір білдірмеді.

Назира Нұржан, сотталушы: «Пирамида құрған жоқпыз. Оны бостандыққа шыққан соң дәлелдейміз».

Сот Назира Нұржаннан жәбірленушілердің бір бөлігіне келтірген шығынды өтеуге қаулы шығарды. Сонымен бірге тағы бір бөлігінің шағымын ішінара қанағаттандырды. Үшінші топтың шағымын азаматтық тәртіппен өндіруге жіберді. Соттың бұл үкіміне жәбірленушілердің кейбірі келіспеді. Көбі үкімді толық түсінбей дел-сал күйде шықты.

Райхан Байқұранова, жәбірленуші: «Жөнді естілмеді. Мен қанағаттанбадым. Келіспеймін үкіммен. Бұл – әділетсіз. Қалай бұл кісіге шартты жаза береді? Бұл кісі 2022 жылы бір ұрлық істейді. Мені алдап кетеді. 2023 жылы 11 адамды тағы алдайды. 2024 жылы тағы алдайды. 2025 жылы мынанша халықты алдайды. Енді мұны қалайша шартты деп жібере салады. Бұл әділ емес. Ол тағы да істейді ол нәрсені».

Сотта іске қатысы бар бірнеше адамның әрекетінде қылмыстық құрам бар-жоғын қайта қарап, анықтауға да қаулы шығарылды. Бұдан бөлек, сотталушыларға алданған өзге жәбірленушілердің ісі тергеліп жатқаны айтылды. Жалпы «Назира голдқа» құйылған ақша көлемі 16 миллиардқа жететіні, оның бар-жоғы 2 миллиардының ізі бар, қалғаны ізім-ғайым жоғалғаны да сөз болды.

Айта кетейік, сотталушыларды биыл наурыз айында қаржы мониторингі агенттігі ұстаған еді. Тінту кезінде жылжымайтын мүліктерден бөлек бума-бума ақша мен 12 келі алтын тәркіленген. Олар өзін зергерлік бұйым сатумен айналысатын компания ретінде таныстырып, салымшыларға салған ақшаларына 20 пайыздан 40 пайызға дейін үстеме беремін деп алдап соққан. Қаржы пирамидасына 4 мыңдай адам кіріп үлгерген.

Дилара Иса