Шымкент қаласында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдеріне арналған ауқымды тәжірибелік семинар өтті. «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға қала мектептерінің ұстаздары мен қарулы күштер ардагерлері қатысты. Негізгі мақсат – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери-патриоттық білім беру ісін жетілдіру және оқу-тәрбие процесіне заманауи әдістемелерді енгізу.
Семинар №68 мектептің базасында ұйымдастырылып, қаладағы 285 мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерін бір арнаға тоғыстырды. Жиында қоғам қайраткерлері, сала мамандары мен әскери ардагерлер баяндама жасап, тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ашық сабақтар өткізіліп, педагогтар әскери дайындықты оқытудағы әдіс-тәсілдерін ортаға салды.
– Осындай семинарлар ұстаздарға бір-бірінің тәжірибесін үйренуге мүмкіндік береді. Сабақ жоспарын құру, әдістемелік құралдарды пайдалану және оқушыны жан-жақты зерттеу тәсілдері талқыланды. Бұл – болашақ сарбаздардың сапалы білім алып, биік жетістіктерге жетуіне жол ашады, – деп бөлісті Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сержан Назаров.
Семинар аясында «Қарулы күштерінің ардагерлері» бірлестігінің қалалық филиалы төрағасы атындағы алғашқы әскери дайындық кабинеті ашылды. Өз есімі берілген жаңа кабинеттің ашылуында Серікбай Оңбаев:
– Өскелең ұрпақтың елін қорғауға дайын болуы – біздің басты міндетіміз. Жастарымыз ертең осы орыннан білім алып, әскери рухпен өмірге қадам басады. Мен бұл игі істің жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі боларына сенемін, – деп атап өтті.
Бұл оқу жылындағы алғашқы тәжірибелік семинар болды. Жыл соңына дейін қала мектептері үшін осындай тағы сегіз жиын өткізу жоспарланған.

