Науқастары дәлізде жатқан аурухананың бас дәрігері қатаң сөгіс алды. Әлеуметтік желіде жұқпалы аурулар ауруханасы сынның астында қалған болатын. Шулы видеода мекемеге шұғыл түскен бірнеше науқастың дәлізде жатқаны бейнеленген. Сондай-ақ, оларға орын жетіспейтіні айтылған. Осыған орай, әкімдік қызметкерлері түсініктеме берді.
Қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты инфекциялық аурулардың таралуы жиілеп отыр дейді дәрігерлер. Осыған орай, ақ халатттылар күшейтілген режимде жұмыс істеуді жалғастырып отыр. Бүгінгі таңда, төсек орын жабдықтары да жеткілікті екен. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, жағдай бақылауда. Десе де, жауапты бас дәрігер олқылыққа жол бергені үшін сөгіс алған.
Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Қолда бар 420 орындық, қазіргі таңда 360 орындыққа негізделген инфекциялық аурухананың өзі, тұмаудың көбеюінің кезінде болмаса, қалған уақытта бос тұрады. Оны халықтың салығының, бюджеттің есебінен ұстап отырғанымызды ескеретін болсақ, қаншалықты қосымша аурухана салу қажет деген ой туындайды».
Эпидмаусым 1 қазаннан келер жылдың 30 сәуір аралығында болады дейді мамандар. Сондықтан, адамдар көп шоғырланған жерлерге барып, инфекцияның таралуына себепші болмаңыз немесе жұқпалы вирусқа тап болмаңыз деп кеңес береді. Бір сөзбен айтқанда ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеңіз дейді дәрігерлер.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 41-ші аптада 3500 ден астам науқас тіркелген. Айта кетейік, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы тек қала тұрғындарына ғана емес, Түркістан облысының тұрғындарына да мамандандырылған медициналық көмек көрсететін өңірлік маңызы бар ұйым болып табылады.
Нұргүл Жолымбетова

