Шымкентте көркем гимнастикадан «Шымкент қаласы Әкімінің Кубогы» халықаралық турнирі басталды. Іс-шара 28 қазан мен 1 қараша аралығында «Көркем гимнастика спорт кешенінде» өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің ірі қалаларынан Астана, Алматы, Тараз және Шымкенттен, сондай-ақ көршілес Өзбекстанның Самарқанд пен Навои қалаларынан спортшылар қатысады.
Бұл дәстүрлі сайысқа 2020 жылы туған және одан үлкен жастағы 600-ден астам гимнаст қатысуы жоспарланған. Олар жеке бағдарлама мен топтық жаттығулар бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Әрбір қатысушының орындау шеберлігі, икемділігі мен көркемдігі жоғары деңгейде бағаланды. Мәселен, Самарқанд қаласынан келген спортшылар бұл жарысқа қатысу үшін ұзақ дайындалған.
Муслим Махмуджанова, спортшы: «Біз Самарқанд қаласынан келдік. Бұл жарысқа өте ұзақ дайындалдық. Біз бірінші рет осы елге келіп тұрмын. Өте қуаныштымыз. Біз барымызды салып, өнер көрсеттік. Қазақстан бізге ұнады. Әсіресе Шымкент өте қатты ұнады. Келіп тұрамыз».
Ауқымды турнирдің басты мақсаты көркем гимнастиканы дамыту, жас спортшылардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі достық қатынасты нығайту дейді ұйымдастырушылар. Олардың айтуынша, көркем гимнастика спорты жастарды шымыр болуға, төзімділікке тәрбиелейді.
Муслим Шаназаров, Шымкент қаласының көркем гимнастика федерациясының президенті: «Бізде көркем гимнастика қыздар арасындағы кеңінен орын алған спорт түрі. Өйткені, бұл әйелдер спорты. Оларға көркемдік, әсемдік береді. Сонымен қатар, олардың сымбатын арттырады. Бүгінгі жарысқа өте талантты, мықты қыздар қатысты. Бұл дегеніңіз үздік шыққан жандар алдағы жарыстарға жолдама алды деген сөз. Қазіргі таңда, жастар арасында бәсекелестік басым. Барлығы жанып тұр. Сондықтан, көркем гимнастика жыл сайын дамып келеді».
Турнир соңында үздік нәтижеге қол жеткізген спортшылар жүлделі орындар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, іс-шараның басты мақсаты, жастарды салауатты өмір салтына баулу, спортқа қызығушылығын арттыру және көркем гимнастика спортын дамыту болып табылады.
Нұргүл Жолымбетова
