Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны айқын.Әрбір қоғам дамуының күнегей жағымен қатар көлеңкелі тұсы да бар қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-аухаты жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз болып табылады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу туралы» Заңның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу болып табылады.Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғаны шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсемізді бек көтеріп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Бұл індет – адамзат баласына жат қасиет. Бұл дерт – еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз. Осы әдеттердің барлығын түбегейлі жою үшін жемқорлықпен күресті бір сәтке болса да тоқтатпауымыз керек.Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін заңнамалық база құрылған. Атап айтқанда, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес»туралы, «Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекеттерінде тәртіпті күшейту, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту шаралары туралы» заңдар қабылданған.Құбылыс ретінде сыбайлас жемқорлыққа азаматтық қоғамның барлық институттарының жігерін жұмылдырып қана тиімді қарсы тұру керек. Тек сонда ғана біз бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына кіру ұлттық идеясын жүзеге асыра аламыз.
С. Сәдуақас,
Еңбекші ауданы СЭББ бас маманы





