Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері шеге жұтып қойған 1 жасар баланың өмірін аман алып қалды. Нәрестенің көмейінде тұрып қалған бөгде затты алу үшін шұғыл хирургиялық көмек көрсетілді.
2025 жылдың 27 қазанында сағат 13:30 шамасында ауруханаға 1 баланы анасы ауыр жағдайда жеткізген. Науқасқа дереу қажетті жедел медициналық көмек көрсетіліп, тікелей ларингоскопия әдісі арқылы көмейінен ұзындығы 4 сантиметр болатын темір шеге сәтті алынып шығарылды.
Дәрігерлер көмейде тұрып қалған бөгде затты сәбидің денесін тіліп ашпай, ларингоскопиялық әдіспен алып шыққан. Бұл күрделі әрі аса дәлдікті қажет ететін процедураны жас реаниматолог Ержан Махамбетұлы сәтті орындады.
Қазіргі таңда баланың жағдайы қанағаттанарлық, ол дәрігерлердің бақылауында. Анасы мен бірге хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.



