Шымкентте 71 жастағы зейнеткер автобус ішінде құлап, түрлі дене жарақатын алды. 12 қараша күні түскі уақытта 103 бағыттағы қоғамдық көлік пен жеңіл көлік соқтығысып, жол апаты орын алған. Салдарынан, автобустың ішіндегі зейнеткер зардап шеккен. Қазіргі таңда, жәбірленуші аурухана тиісті емін алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, азаматша жабық ми жарақатын алған. Сонымен қатар, денесінде көгерулермен түскен.
Инабат Декханбаева 71 жаста. Ол 12 қараша күні 103 бағытта қатынайтын автобуста құлап, миы шайқалған. Сондай-ақ, денесі, беті қолы бірнеше жерден көгеріп қалған. Оның айтуынша, сол уақытта қоғамдық көлік жол көлік апатына ұшыраған. Мұнан кейінгі оқиға есімде жоқ дейді. Бір уақытта есімді жисам, қолым, бетім қанға боялған дейді.
Инабат Декханбаева, жәбірленуші: «Автобуска қалай шыққанымды білемін. Кейін ручкадан ұстағанымды білемін. Өзім қай уақытқа келгенімді білмеймін. Кейін қолым барлығы, басым қан екен. Қасымда тұрған шофер екенін білмеймін. «Апа сіз құладыңыз мына жерде» деді. 1 сағат автобус күттік. Асығып, жарысып келген ба білмеймін. Кешігіп келген ба. Алдындағы бір машинаны соққан дейді».
Қазіргі таңда жәбірленуші, қалалық №3-ші ауруханада тиісті емін алып жатыр. Жағдайы едеуір жақсарған. Дәрігерлердің айтуынша, бірер күнде үйіне шығарылады.
Ардақ Түлебек, невролог: «Клиника «Хадишада» жедел түрде ем қабылдаған болатын. Ол жерде жабық ми жарақатымен нейрохирургия бөлімшесінде ем қабылдаған. Жалпы жағдайы орташа есептеген. Қазіргі таңда 18 күні емделіп, келген кезде есі анық бізде ем қабылдап жатыр. Қазіргі кезде келгеннен бастап, жағдайы жақсарған. Қолдарында ушиб, жабық ми жарақатының салдары бар. Солардың белгілері бар».
Алайда, зейнеткер көлік апатын жасап, кешірім сұрауға келмеген жүргізушіге өкпелі. Айтуынша, сол күні төбе көрсеткен «Түркістан -Транспорт» компаниясының өкілдері жағдай сұрауға жарымады деп отыр.
Инабат Декханбаева, жәбірленуші: «Шопырлар қарамаймыз депті. Не істесеңдер соны істеңдер депті».
Ал, «Түрксітан-Транспорт» компаниясының жауаптылары бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олардың сөзіне сенсек, зейнеткердің ем-домына қажетті қаражатты жеке есепшотына аударып берген. Ол аздай, денсаулығы реттелгенше дәрі-дәрімекке ақша бермек те болған.
Қанат Алтынбеков, «Түрксітан-Транспорт» компаниясының өкілі: «Алғашқы күні, күндігі 10 мың теңге деп, 100 мың теңге аударып берген. Жүргізуші өзінің каспийне, ертесіне дәрілеріне деп 25 мың теңге аударып берген. Барынша көмегін көрсетті жүргізуші. Жүргізуші ауруханаға барды. Артынан тамағын апарып берді. 4-5 күн жатты сол жерде. Содан кейін 1 млн. сұраған ғой. Ал ол бары 200 мың теңгесін сұраған. Қазір тергеушілердің қолында. Сотқа жолданады».
Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте «Тасымалдаушы», «Қауіпсіз жол», «Автобус» секілді профилактикалық іс-шаралар барысында автобустардың қатысуымен 1500 — ге жуық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 185-і жол апаты. Салдарынан, 4 адам көз жұмған.
Нұргүл Жолымбетова

