Шымкентте 6 бала асырап алып, оларды қинады және оларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамады деген айып тағылған емшінің ісіне нүкте қойылды. Айыпталып, сот шешімімен созылмалы психикалық аурумен ауырғаны үшін мәжбүрлі емге жіберілген Ұлықбек Смановтың әйелінің ісі де қысқарды. Полиция дерегінше, оның әрекетінде қылмыстық құрам болмағаны анықталған.
«Оның әйеліне қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша материалдар жеке өндіріске бөлінді. Осы істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу іс-шараларының кешені өткізілді. Тергеу барысында куәгерлерден сұхбат алынды, сараптамалар тағайындалды, беттестірулер жүргізілді»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ
Тергеу нәтижесіне сай күдіктіге қатысты іс тоқтаған. Бұл шешіммен прокуратура келіскен.
Айта кетейік, өткен жылдың жазында Шымкентте жергілікті емшінің Астана, Алматы және Шымкент қаласындағы балалар үйінен 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысықтың етін бергені және азаптап келгені туралы ақпарат шыққан еді.
Балалардың үлкені 16 жаста, кішісі 1 жасар. Кейіннен оның бұрын да сотты болғаны анықталған. Алайда білім басқармаларына соттылығы жоқ, ақыл-есі дұрыс деген анықтама берілгені хабарланған еді.
Дилара Иса






