Úı ANONS Бәрі тегін…

Бәрі тегін…

фото okg.kz

 

Әріптесім бар, жасы отыздың о жақ, бұ жағында. Көпбалалы ана. Жұмысына да, отбасына да уақыт тауып, зыр жүгіріп жүреді. Сол айтады, «ата-енеммен бірге тұрамыз. Бір үйдің жалғыз баласы болғандықтан әу баста-ақ бөлек шығармайтынын, үлкен отбасы болып бірге тұратынымызды біліп бардым. Оның да көп артықшылығы бар ғой. Үй саламын, пәтерақы, коммуналдық қызмет ақысын төлеймін, азық-түлікке ақша керек деп бас қатырмайсың. Үйге жиһаз аламын деп және алаңдамайсың. Бәрі дайын. Тамағым пісулі, балам бағулы. Одан артық не керек? Қонаққа баратын болсақ, балаларымды алаңсыз ата-әжесіне тастап кете беремін. Турасын айтқанда, тегін үй, тегін тамақ, тегін тәрбиеші, тегін жүргізуші. Таңертең балаларды бақшаға атамыз апарып тастайды. Менің міндетім, жұмыстан қайтқан соң енем пісіріп қойған тамақты құйып беру, ыдыс аяқ жуу, үй жинау, кір жуу, қонақ күту. Болды. Қиналатын шаруа жоқ. Ал бөлек тұратын құрбыларымның жыры бөлек. Ай сайын пәтерақысы бар, несиелері бар, тамағы, балалардың киімі, баратын жерлері, той томалағы бар, кейде жалақымыз жетпей қарызға кіріп кетеміз дейді. «Сенікі рахат қой, бәрі тегін, бала туам десең де ойланбай туа бересің. Біз әзірге бір баладан кейін мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені екеуміз де жұмыс істемесек аш қаламыз. Бала бағып, үйде отырғым келеді» дейді бір құрбым. Бұл бір ғана құрбымның басындағы жағдай емес. Менің қатарластарымның басым бөлігінің басындағы күй. Қымбатшылықтың қысып тұрғаны мынау.

Кейде жаным ашиды. Олар қай уақытта баспана алады, қай уақытта көпбалалы болады, қашан жағдайларын дұрыстайды деген ой маза бермейді. Расында қашан?…

Г.Жұмаш