Сарыағашта екі баласының анасы, азаматтық некедегі әйелін бұрынғы күйеуімен көрген тұрғын қылмысқа барды. Ол әйелінен 7 жыл бұрын ажырасып кеткен күйеуін пышақтап тастаған. Сот оны кінәлі деп танып, түрмеге жапты.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында әйелінің бұрынғы күйеуі үйінде жүргенін көріп, онымен сөзге келіп, артынан бір апта өткенде оны пышақтап тастады. Әбүйір болғанда айналада жүрген адамдар жәбірленушіге көмектесіп, аман алып қалған. Әйел бірінші күйеуімен 7 жыл бұрын ажырасып кеткен екен. Ал қазіргі, азаматтық некедегі жолдасымен ортақ екі қызы бар. Бұл оқиғаға қатысты облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды.
«Икрамжан Ахмедулы Малашев Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі арқылы 99- бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Малашевқа жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуді белгілеп, қолданылған күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын»
СОТ КАБИНЕТІ ЖҮЙЕСІ
Сот кабинеті жүйесіндегі мәліметке қарағанда, оқиға кезінде жәбірленушінің іші мен аяғына 9 рет пышақ сұғылған. Сөйтіп денсаулығына ауыр дәрежелі зиян келген.
«Осы кезде жақын маңда болған куә оқиғаны көріп жанында болған бутик ішінен темір желдеткішті алып, сотталушы Икрамжан Малашевтың арқа тұсына ұрып, араша түсуіне байланысты, сотталушы адамды қасақана өлтiруге тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттерді өзіне байланысты емес мән-жайларға байланысты ақырына дейін жеткізе алмай, оқиға болған жерден бой тасалаған»
СОТ КАБИНЕТІ ЖҮЙЕСІ
Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. Оның сот үкімімен келісетіні, не келіспейтіні қазірше беймәлім. Жәбірленуші сотталушыға кешірім берген. Ол бұрынғы әйелінің үйіне құжаттарды алуға келгенін жеткізген. Сот сотталушының айыбы толық дәлелденді деп санайды.
Дилара Иса
