Қаладағы айтулы оқу орнына жолымыз түсті. Сол кездері жанып тұрған мамандық бойынша ақпар алу еді мақсатымыз. Жоғарғы оқу орнының басшысы бірден сол факультеттің тізгін ұстаушысына жолдады. Қасыма проректорын қосып берген. Іздеп барған басшымыз орнында болмай шықты. Қосшылары қоңыраулатып жүріп, әрең келтірді –ау жұмыс орнына. Онда да ректор іздеп жатыр деген соң келгендей көрінді маған.
Білдей бір басшы емес білімі ортаңқол қызметкердің де маңайына жолайтындай емес. Тақырып бойынша дайындап барған сауалдарымды алдына тостым. Мардымды жауап жоқ. Қойған сауалға мұрын астынан міңгірлеп жауап берген сыңай танытты. «Өз саласынан хабары жоқ болса неге отыр мұнда?». Ашуым келді. Мені таңғалдырғаны, басшының білімі ғана емес… Үстіне ілген қымбат киімі ешкімге таң емес. Ал тазалық жағы…
Білдей басшының әппақ көйлегінің кірі бір апта жуылмағандай екен. Басы майланып, сіркелеп кетіпті. Оның да су көрмегеніне айлар өткен сияқты. Дұшпан бірінші көз салатын аяқ киімінің шаңы қазір ғана барып жер аударып келгендей екен. Қойған сауалдарыма тұщымды жауап ала алмай пұшайман болған бір хәл. Сұрақтар галактикадағы соңғы жаңалықтар, марстағы топырақтың түсі туралы емес еді. Қарапайым ғана, дәл өзі басқарып отырған бөлімнің жұмысына қатысты-тын. Темір терсектің ғана тілін білетін сантехниктің білдей бір ғарышты зерттеу орталығын басқарып отырғанындай әсер етті. Білімінің ортадан да төмен деңгейлігіне қарным ашты. Проректор ертіп келгеніне ұялды — ау деймін, кабинетіне ертіп барып, осы саласының бүге, шүгесіне дейін баяндап берді…
Кейін естідім, әлгі бастық сымақ сол кездері атағы жер жарған оқу орны ректорының жиені екен. Мәселенің мәнісі осында болып шықты. Өзі басқарып отырған саланың иісі мұрнына бармаса да креслода шалқайып отырған бастықсымақтар бүгінде көп қой…

