Úı ANONS М.Егізбаевтың құрметіне мультидисциплинарлық мастер-класс өтті

М.Егізбаевтың құрметіне мультидисциплинарлық мастер-класс өтті

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында халықаралық мультидисциплинарлық мастер-класс өтті. Іс-шара көрнекті дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, клиникалық және функционалдық медицина академиясының академигі Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаевтың құрметіне арналды.

Мұқан Егізбаев — еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан, Оңтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстарының денсаулық сақтау басқармаларын басқарған, Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының құрметті азаматы. Ол өңірлік медицинаны дамыту, заманауи диагностикалық және емдеу әдістерін енгізу, сонымен қатар жас мамандарды қолдау бағытында елеулі еңбек атқарды.

Мастер-класс Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастыруымен 6–7 және 11 қараша күндері өтеді. Бағдарлама барысында клиникалық медицинаның маңызды тақырыптары бойынша баяндамалар мен оқу сессиялары өткізілмек. Сонымен қатар дәрігерлер инновациялық технологияларды тәжірибеде қолдану жолдарын бөлісіп, бірнеше көрсетілімді операцияларды жүзеге асырады.

Үшінші рет ұйымдастырылып отырған шарада медицина саласына еңбегі сіңген бірқатар маман академик Мұқан Егізбаев атындағы медальмен марапатталды. Жауаптылар мұндай кездесулердің дәрігерлер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтып, ғылыми-тәжірибелік әлеуетті арттыруға және заманауи диагностика мен емдеу әдістерін насихаттауға мүмкіндік беретінін айтады.

Асхан Байдуалиев, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Бұл аурухана  Түркістан облысы медицинасының қара шаңырағы. Осы жерден талай үлкен азаматтар шыққан. Мыңдаған адамға күрделі ота жасалған. Бұл жұмыс басталғанымен, әлі де жалғасын тауып жатыр. Сол кісінің бастамасымен басталған трансплантология оталары жасалып жатыр. Соның барлығы Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаевтың бастамасы»

Лаура Бабас