Шымкентте Алматы облысы музейлерінің ұйымдастыруымен «Тұлғалық көшпелі көрме» өтті. Көрмеге Сүйінбай Аронұлы, Дінмұхамед Қонаев, Мұқағали Мақатаев, Үмбетәлі Кәрібаев сынды ұлы тұлғалар қолданған тарихи заттар көрермен назарына ұсынылды. Құнды экспонаттар топталған көрмені апта соңына дейін тамашалауға болады.
М.Мақатаевтың қол жазбалары, ол күнделікті қолданған ұстара, әуесқойлықпен айналысқан балық аулауға арналған қармағы бүгінгі ұрпақ үшін жәдігер. Дәл осы сынды өткен ғасырлардың беделді тұлғалары Дінмұхамед Қонаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Сүйінбай Аронұлы қолданған құнды заттар Алматы облысы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен Шымкентте өткен көрмесінде қойылды. Тарихтан сыр шертетін бағалы экспонаттар өңірде апта соңына дейін қала тұрғындарына ұсынылады. 200 жылдай тарихы бар қадірлі бұйымдар түпнұсқа екен.
Талғат Келімбетов, Алматы облысы музейлер бірлестігінің директоры: «М.Мақатаевтың киносын көрсеңіздер өзінің арнайы портфелі болған. Сол портфель 1969 жылы Шымкент қаласында арнайы жасалынып сыйға берілген екен. Д.Қонаев атамыздың өзі киген етігі, шапаны болсын барлығы түпнұсқа».
«Тұлғалық көшпелі көрме»– екі өңір арасындағы мәдениет байланысының айнасы. Шара барысында аймақ басшылары сөз сөйлеп, сый-сияпаттармен алмасты. Музей қонақтары үшін көрменің ашылу лентасын қиып, жаңа мәдени бастаманың есігі ашылды.
«Өткенін білмейтіннің болашағы бұлыңғыр» дейді қазақ. Тұлғалық руханиятының дамуында мұндай көрменің орны ерекше. Мамандар тарихты суреттейтін бұл жәдігерлерді ұрпаққа таныту арқылы ұлт өркендеуіне үлес қосқан маңдай алды тұрғаларды насихаттаймыз дейді.
Мөлдір Оңдасынова, қалалық мәдениетті, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары: «Төрт алып тұлғамыздың жәдігерлерін Шымкент қаласына алып келудегі мақсат бұл осы оңтүстік өңірдің Шымкент қаласының тұрғындары осы тарихи тұлғаларымызбен етене танысу және оларға насихаттау бүгінгі ұрпаққа жеткізу болып табылады».
Айта кетейік, дәл осы көрме Түркістан облысының Өлкетану музейіне де қойылатын болады. Ал жергілікті жауаптылар осындай жылжымалы экспозиция арқылы Алматы облысына баруды жоспарлап отыр.
Ботакөз Әнуар
