Қазақстанда қант диабеті мен ДЦП енді әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына кірмейді. Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімін жаңартты. Яғни, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл тізімнен бірнеше ауру алынып тасталынды. Оның ішінде қант диабеті, балалардың церебралды сал ауруы, ревматизм және дәнекер тіндерінің жүйелі аурулары бар. Арна тілшісі аталған диагнозы бар науқастарды енді кімнің есебінен емдейтінін анықтап көрді.
Баланы дамыту кабинетінде адамдар көп. Ақ халаттылар кішкентай науқастарды бір-бірлеп қабылдап есту қабілетін тексеру үстінде. Сонымен қатар, сөйлеу аппаратының дамуын бағалап, баланың психологиялық жағдайына ерекше мән берілуде. Мәселен мына бөлменің ашылғанына бір жыл толған жоқ. Десе де, осы уақыт аралығында жеті мыңға жуық бала келіп қызмет алған. Мәселен, Үсен Байназаров ең кішкентай немересін арнайы алып келген. Ол баланың жасына сай даму деңгейін анықтамақ.
Үсен Байназаров, қала тұрғыны: «Бүкіл отбасыммен бірге осы емханаға тіркелгенбіз, кезегімізді қосымша арқылы білеміз. Дәрігерлерге алғыс білдіремін, мұнда әрдайым қабылдау уақытылы өтеді, ал балалар ауырғанда тиімді ем тағайындайды. Қазір ең кішкентай немеремді тексеріске алып келдім».
Жыл басынан бері бұл емханаға 10 мың бала келіп, тексеруден өткен. Оның ішінде 200 — ден аастамында түрлі даму тежелулері анықталған. Сондықтан, дәрігерлер ата-аналарды дер кезінде балаларын алып келіп, кеш даму салдарын дер кезінде анықтауға шақырады.
Келер жылдан бастап халық Бірыңғай медициналық кепілдіктер пакеті жүйесіне көшеді. Жаңа жүйе жеңілдіктерді қысқартпайды. Керісінше, денсаулық сақтауды баршаға әділ әрі қолжетімді етпек. Тұрақты емдеуді қажет ететін пациенттер бұрынғыдай толық көлемде көмек алады. Яғни, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне эпилепсия мен цереброваскулярлық бұзылыстар қосылады. Сондай-ақ, динамикалық бақылауды қажет ететін аурулар тізімі ревматизммен, дәнекер тіндерінің аурулары және ДЦП-мен толықтырылады.
Яғни, пациенттер үшін барлық мемлекеттік кепілдіктер сақталады, емдеу тоқтатылмайды. Қажетті көлемде ем де, оңалту да, балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де жалғасады. Ал, бұған дейін тегін тізімге енген барлық дәрі-дәрмектер бұрынғысынша сол тізімде қалады.
Нұргүл Жолымбетова






